Елімізде интернет-казинолармен күрестің жаңа тәсілдері ұсынылады

Елімізде интернет-казинолармен күрестің жаңа тәсілдері ұсынылады

2021 жылдан бері 350-ден астам заңсыз ойын мекемесінің қызметі тоқтатылды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған.

«Мүдделі мемлекеттік органдар заңсыз ойын мекемелерінің қызметін тыю мақсатында кешенді жұмыс жүргізуде. Қаржылық мониторинг агенттігі 2021 жылдан бері 350-ден астам заңсыз ойын мекемелерінің қызметін тоқтатты. Заңға сәйкес елімізде интернет-казинолардың қызметіне тыйым салынғандықтан, мүдделі мемлекеттік органдар «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің көмегімен интернет-кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізеді. 2022 жылы мониторингтің нәтижесінде ойын бизнесі саласындағы заңнаманы бұзудың 6 369 фактісі тіркелді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Мәлім болғандай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі анықталған фактілер бойынша 744 интернет-ресурстың әкімшілігіне 153 ескерту хатын жолдады және 5 625 сілтемеге қатысты 156 ұйғарым шығарды.

«Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мәдениет және спорт, Қаржы министрліктерімен және басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, интернет-казинолардың жұмысын зерделеуде. Соның нәтижесінде интернет-казиноларға қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдері ұсынылады», - деді Әлихан Смайылов.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: progress-market.ru.