Елімізде «дінге сенбейтіндер құқығы» заңдастырылады

Елімізде «дінге сенбейтіндер құқығы» заңдастырылады

               Бұл туралы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді. Бұл жаңалыққа әлеуметтік желі қолданушылары түрлі реакция білдірді. Сонда Қазақстан Конституциясында «дінге сенбейтіндердің» құқығы қорғалмаған ба? Олардың құқығы қалай қорғалуы керек? Заңгер мен дінтанушы жауап берді.

              Осы жаңалыққа қатысты қазақстандықтардың пікірі сан-саққа бөлінді. Кей азамат «дұрыс, Қазақстан тек мұсылмандар тұратын мемлекет емес, бәрінің құқығы тең қорғалуы керек» десе, енді бірі «бөлек заң шығарудың не қажеті бар? Қазақстанның Конституциясында бәрінің құқығы қорғалған емес пе еді?!» дейді, тағы бір азамат «басқа проблема құрып қалды ма?», «дінге сенбейтіндер» деп ерекшелемей-ақ Қазақстандағы барлық азаматтың тіліне, дініне, жынысына және тағы басқа ерекшеліктеріне қарамай, құқығын тең қорғауы керек емес пе?» деп жазды.

             Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Қазақстан Конституциясында «дінге сенбейтіндердің» құқығы туралы арнайы пункт жоқ. Бірақ діни ұйымдардың қатынасын реттейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң бар.

              Евгений Жовтистің айтуынша, мәселе дінге сенбейтіндерге артық құқық беріп қоюда емес, мәселе заңнамада дискриминацияға қарсы норма жоқтығында.

              Ал Дінтану ғылымдарының PhD докторы, сарапшы Мұхан Исаханның айтуынша, дінге сенбейтіндердің құқығын айрықша қорғаудың қажеті жоқ. Себебі Қазақстан Коституциясының 14, 19-баптарында азаматтардың дінді ұстанып, ұстанбауына, ол туралы айтып, айтпауына жалпы дін, сенім бостандығына құқығы жазылған.

             Сарапшының айтуынша, Қазақстанда дін мәселелері зайырлық қағида бойынша шешілуі керек.

             Еске сала кетейік, Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов дінге сенетіндердің де, сенбейтіндердің де құқығын толық қамтамасыз ету мақсатында түзетулер аясында «дінге сенбейтіндер құқығы» ұғымын енгізу жоспарланаған айтты.

             Айта кетейік, 2017 жылы Қазақстанда «дінге сенбейтіндер құқығын» заңды түрде қорғау жоспарланған болатын. Сонымен қатар, адам сенімін қорлайтындар үшін айыппұл салу ұсынылған.

Aikyn.kz