фото: pixabay.com
Цифрлық технология күнделікті өмірімізге дендеп еніп келеді. Тіпті, көлеңкелі экономикамен күресте цифрландыру көптеген пайдасын тигізіп отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Көлеңкелі бизнестің жолын кесудің бір тиімді тәсілі – таңбалау», - дейді мамандар.
Бүгінде елде бірнеше тауар түрі міндетті түрде таңбалануға тиіс. Қазір темекі өнімдері мен аяқ киімдер міндетті түрде таңбаланады. Сондай-ақ, бірнеше өнімге қатысты пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Ақпан айынан бастап сыра мен мотор майын пилоттық режимде таңбалау басталды.
Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап зергерлік бұйымдар мен дәрі-дәрмекті таңбалау міндеттеледі. Бұл өзгерістер көлеңкелі экономиканы ауыздықтау мақсатында енгізіліп отыр. Тауарларды таңбалау әлемдік қауымдастықта бұрыннан бар үрдіс. Қазақстанда 2019 жылдан бастап енгізілді. 2019 жылдан бері темекі өнімдерін міндетті түрде таңбаланып келеді.
Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша былтыр акциз түсімі 46 пайызға өсті. Яғни, 191 млрд теңгеден 281 млрд теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар, екі жыл ішінде 12 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз темекі өнімі анықталды.
Үш жыл бұрын аяқ киімдерді таңбалау қолға алынды. Сол уақыттан бері импорттық аяқ киімнен түсетін қосымша құн салығы мен кеден бажының көлемі еселеп артты. Мәселен, салық көлемі 2021 жылы 7 млрд 800 млн теңге болса, 2023 жылы 31 млрд теңгеге жуықтады.
Фото pixabay.com.
1 шілдеде дәрі-дәрмекті таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталады. Сөйтіп, дәрі-дәрмектердің 7 124 түрі міндетті таңбалауға көшуі тиіс. Бүгінге дейін дәрілік заттарды таңбалап, қадағалайтын ақпарат жүйесіне 563 қатысушы тіркеліп, 19 млн таңбалау коды берілді.
«Экономика саласындағы цифрландыру көлеңкелі бизнестің кемуіне елеулі ықпал етті. Мәселен, «Цифрлы Қазақстан» жобасы арқасында көлеңкелі экономиканың үлесі 40 пайыздан 25 пайызға төмендеді», - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Бауыржан Ысқақ, экономист: - Көлеңкелі экономиканың алдын алуға мүмкіндік беретін – тауарларды таңбалау. Жалпы, ол тәжірибе бізде қалыптасып келе жатыр. Ең бастысы бұл жерде мемлекет қана емес, тұтынушы ұтады. Тұтынушы әр тауардың толыққанды сипаттамасы, қай уақытта шыққаны, қандай шикізатпен, өзіндік құнына қандай шикізат әсер етті деген сұрақтарды қабылдап алады. Ол әсіресе мынау дәрі-дәрмек, сүт өнімдері, аяқ киім, яғни, адамның денсаулығына өте әсерін тигізетін факторларға жағымды әсер етеді.
Аяқ киімді таңбалаудан түскен салық:
2021 жылы – ₸7,8 млрд
2022 жылы – ₸ 26,4 млрд
2023 жылы – ₸ 30,7 млрд
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через