Биыл оқулықтар толықтай цифрлық форматқа көшіріледі

Биыл оқулықтар толықтай цифрлық форматқа көшіріледі

        Жыл соңына дейін оқулықтар толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында технологиялық серпіліс ұлттық жобасын талқылау кезінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

       «Білім беруді цифрландыру бойынша маңызды жобалардың бірі - оқулықтар портфелін цифрлық форматқа көшіру. Бүгінде қолда бар 670 оқулықтың 97 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін 100 пайыз цифрланады», - деді Б. Мусин.

       Оның айтуынша, жалпы ауылдағы мектептерге дейін интернет инфрақұрылымы толық жеткізілді.

       «Алайда мектеп ішіндегі интернетті тарату желілерінің болмауынан ауыл мектептерінде білім беру үдерісін цифрландыру төмен деңгейде болып отыр. Осыған орай әкімдіктер оқу процесінде интернетті 100% пайдалану мақсатында мектеп ішінде интернетті тарату желілерін қамтамасыз ету керек», - деді министр.

       Сонымен қатар ол денсаулық сақтау саласына тоқталды.

       «Мемлекет басшысы денсаулық сақтауды цифрландыру өте баяу жүріп жатқанын атап өткен болатын. Мұнда біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп eHealth электронды денсаулық сақтаудың жаңа архитектурасына көшу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл азаматтардың ұлттық денсаулық паспортын құруға мүмкіндік береді. Онда адамдар медициналық қызмет көрсету орнына қарамастан, барлық диагноздарды, талдауларды және басқа да ақпаратты көре алады. Мұнда Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті қашықтан белсенді пайдалануға ынталандыратын тиісті құқықтық актілерді қабылдау қажет», - деді ведомство басшысы.

       Kazinform.kz