фото: https://sputnik.kz
"Бәйтерек" холдингі Қазақстандағы Сбербанкті сатып алады
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі мен Сбербанк тобы Сбербанк Қазақстандағы Сбер акцияларының барлық пакетін сатып алу-сату мәмілесіне қол қойды, деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметі.
Сбербанк қазіргі геосаяси жағдайды басшылыққа ала отырып, клиенттердің мүддесі үшін қазақстандық нарықтан шығу туралы шешім қабылдаған.
"Сбербанк Қазақстанды сатып алу туралы шешім қабылдай отырып, "Бәйтерек" холдингі оның елдің қаржы жүйесі үшін жоғары маңыздылығын бағалады. Банк иеленетін қазіргі заманғы инфрақұрылым мен технологиялар қысқа мерзімде банкті толыққанды жұмысқа қайтаруға және Қазақстан экономикасының нақты секторын қаржыландыруды бастауға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Банк өз клиенттерінің алдындағы барлық міндеттемесін орындайды. Клиенттер үшін банк өнімдері бойынша барлық шарт өзгеріссіз қалады.
Мәміле банкке белсенді операцияларды толық көлемде жаңғыртуға, депозиттер тартуға және төлемдер жүргізуге, сондай-ақ халық пен бизнес үшін өнімдер мен қызметтерді дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді.
"Қазақстан нарығында 15 жылдан астам тәжірибе жинақтаған Сбербанк Қазақстан қызметкерлерінің кәсіби командасы өз жұмысын жалғастырады", - деп сендірді "Бәйтерек" холдингі.
Тараптар мәмілені жақын арада жабуды жоспарлап отыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через