Баянауылда «Қызыл кітапқа» енген арқарлар саны көбеюде

Баянауылда «Қызыл кітапқа» енген арқарлар саны көбеюде
фото: Фото: pexels.com

Бүгінде өңірде қой тұқымдасына жататын сүтқоректілердің ең ірі түрі – арқарлардың саны 750-ге жетеді. Бұл туралы Өңірлік даму орталығында өткен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2023 жыл қорытындысы туралы кеңесте айтылды.

– Арқарлар Баянауыл ауданында мекендейді. Жыл сайын популяциясы 1,4 пайызға өсуде, – деді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Оның сөзінше, әдетте арқарлар таулардың биік нүктесінде жүреді.

Айта кетейік, Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабында» арқарлар «жойылып кету қаупіне жақын» санатында тұр. Ал біздің ел аумағында кездесетін арқардың барлық түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» әртүрлі санаттар бойынша енген. Табиғи жағдайда орташа 10-13 жыл  тіршілік етеді. Көбіне таңғы және кешкі уақыттарда жайылымға шығады. Негізгі қорегі – дәнді дақылды шөптер, қияқтар, өсімдіктер (жусан, көде, бидайық, арпа, т.б.) Қыста  бұталарды да қорек етеді. Бойы 85-тен 135 см-ге дейін болса, басынан құймышағына дейінгі ұзындығы 136-дан 200 см-ге жетуі мүмкін. Ұрғашысы еркектеріне қарағанда шағындау, салмағы 43-тен 100 кг-ға дейін, ал құлжасы 97-ден 180 кг-ға дейін жететіндері кездеседі.

ҚазАқпарат