Астанадан үй алып қою керек дейтіндер аз емес

Астанадан үй алып қою керек дейтіндер аз емес
фото: pixabay.com

Еліміздің әр өңірінен Астанаға арман қуып келетіндер аз емес. Ал кейінгі уақытта Алматыда жер сілкінуі жиі тіркеліп, қала тұрғындары арасында елордаға қоныс аударуға ниеттілер көбейгені сөз бола бастады. Осы орайда, сарапшылар Астанадағы пәтерлердің бағасы қымбаттап жатқанын алға тартып отыр.

Krisha.kz сайтының сараптамалық бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл ақпанда екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы төмендей бастаған.

«Мониторинг жүргізілген 18 қаланың тоғызында бағаның төмендеуі тіркелді. Әсіресе, Ақтау қаласында айтарлықтай білінді (2,4%). Астанада пәтер бағасы бір айда 2 пайызға өсті. Алматы мен Шымкентте шамалы өсу байқалады», – делінген зерттеу мақалада.

Пәтер бағасы ең жоғары қалалар (1 шаршы метріне): Алматыда - 724 мың теңге, Астанада - 485 мың теңге, Шымкентте - 421 мың теңгеге бағаланады. Ал ең арзан пәтер Қызылорда (238 мың теңге) мен Ақтөбеде (290 мың теңге).

инфо

Фото: Kazinform

Мамандар мәліметінше, Алматыдағы жер сілкінісі баға саясатына қатты әсер ете қоймаған.

«5 наурыздағы ақпарат бойынша, Алматыда үй сатуға байланысты жаңа хабарландырулар байқалмайды. Астана қаласында да сұраныс артқан жоқ. Бір ғана өзгеріс бар. Алматылықтардың сағатпен жалға берілетін жеке үйлерге деген сұраныстары арта бастады. Нақтыласақ, тәулігіне 3 есеге өсіп отыр. Бұл – жер сілкінісі салдарынан уақытша баспана іздегеннен, қала берді, алда келе жатқан мерекелерге байланысты», – дейді сарапшылар.

Ал белгілі сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, Астанада пәтер құны қымбаттауы мүмкін, бұл – заңдылық.

«Елордада пәтер бағасының көтерілуі қалыпты жағдай. Алматыдағы жер сілкінісінен кейін «Астанадан үй алып қою керек» дейтіндер аз емес. Қазірдің өзінде Алматыда 6-қабаттан жоғары орналасқан пәтерлердің бағасы арзандап жатыр. Жер сілкінісі жиілеп кетсе, оңтүстік астаналықтар өзге өңірге қоныс аудармай, елорданы бетке алатыны анық. Сәйкесінше, Астанадағы пәтер бағасы қымбаттай түседі. Бірақ, қымбатшылықты қалыпты жағдай деп те, уақытша жағдай деп те бағалауға болады», – дейді сарапшы.

Дереккөз kaz.inform.kz