Еліміздің бірқатар аймақтарында картоп пен сәбіз бағасы шарықтап кетті. Бір келісінің құны экзотикалық жемістің құнымен бірдей. Базардағы бағаны көрген тұрғындар атқарушы билікке базыналарын айтып жатыр. Нағыз көкөніс пен жеміс-жидекке қарық болатын кезде баға неге өсіп кетті?
Бұрын жалақы тек азық-түлікке ғана жетеді дейтін едік, енді мүлдем жетпеуге айналды. Азық-түлік бағасының шарықтауына не себеп? Үкімет қандай шара қолданып отыр? Тауарлардың қайта арзандауы мүмкін бе? Шекті баға белгілеуге не кедергі?
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері сәбіз 45 пайызға, картоп 38,5 пайызға, күнбағыс майы 16,7 пайызға, пияз 10,9 пайызға, қант 9,2 пайызға, қарақұмық жармасы 7,5 пайызға қымбаттаған.
Тұрақтандыру қорындағы картоп пен сәбіз сәуірде таусылған. Ал сырттан әкелген көкөністің бағасын ұстап тұру қиын. Әкімдіктегілер бағаның аспандап тұрғанынан хабардар. Жергілікті бау-бақша өнімі піскенше, оңтүстіктің тауар өндірушілерінен тікелей сатып алып, бағаны реттемекші. Әкімдіктегілер қымбатшылықты сатылымға биыл піскен өнімнің түскенімен және сұраныстың артуымен түсіндіреді.
Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы жағынан Түркістан облысы көш басында. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы қаласы тұр.
Ал Солтүстік Қазақстанда картоп бағасы шарықтап тұр. Бұған дейін картоп өңірде ең көп өсірілетін әрі қолжетімді, арзан өнім саналғандықтан, бір келісінің 500 теңгеден асып кетуі қоғамдық резонанс тудырды. Дегенмен, басқа аймақтарда да жағдай тура осындай. Өзімізде шығатын көкөністер мен жемістердің бағасы тропикалық я болмаса экзотикалық жемістердің бағасынан кем түспей тұр.
Сауда және интеграция министрлігі картоп бағасының өсуі қордың азаюынан болып отыр деп түсіндірді. Жылдың басындағы 903 мың тоннадан қазір 329 мың тонна қор қалған.
Ал сәбіздің қымбаттауының негізгі факторы – Өзбекстандағы бағаның 55 пайызға өсуі екен, ол маусымаралық кезеңде елімізге сәбіз жеткізетін бірден-бір ел (ҚР импортындағы ТҚ үлесі – 99,6 пайыз). Ал өз сәбізіміздің қоры жыл басынан бері 81 пайызға – 211 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін қысқарған.
Жалпы, азық-түлік бағасының өсуі бүкіл әлем елдерінде байқалып отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметтері бойынша, биылғы мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7 пайызға жоғары. Осылайша, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Қымбатшылықтың негізгі себебі – коронадағдарыстың салдары болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Десек те, өзіміз өндіретін негізгі азық-түлік тауарларының 2-3 есе қымбаттауы ақылға қонымсыз. Ал сарапшылар баға одан әрі жоғарыламаса, түспейтінін айтады.
Ақпарат Turkystan.kz-тан қысқартылып алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через