Әскердегі әлімжеттік. 10 жыл ішінде Қазақстанда 220 әскери қызметкер суицид жасаған

Әскердегі әлімжеттік. 10 жыл ішінде Қазақстанда 220 әскери қызметкер суицид жасаған

Маусым айының алғашқы аптасы әскердегі қаралы хабармен басталды. 14 маусым күні «Маңғыстау облысы Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген Еділ Бақытұлы Тешебаев (20.03.2003) өз-өзіне қол салды» деген хабар тарады. Бұл Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, өзін өлімге қиған алғашқы жағдай емес. Жазушы ­Бегабат Ұзақовтың айтуынша, «марқұм бір күн бұрын кеште таныстарынан, туыстарынан ақша сұраған». Бұл жағдай елді елең еткізіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та болған оқиғаға байланысты тиісті орындарға тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді. 

ӘСКЕРДЕГІ ӨЛІМ: ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЖАСАЛАДЫ

Артынша іле-шала Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов кеңес өткізіп, оның барысында жазғы оқу кезеңінің басталуына байланысты міндеттерді нақтылады. Осылайша 6 маусым күні ҚР Қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскердегі өлімге жол бермейтін «Әскерде нөлдік өлім бағдарламасы» деп аталатын бағдарлама әзірлейтінін хабарлады.

Әскери қызмет қауіпсіздігі жеке мәселе ретінде көтерілді. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілердің жарақаттануы мен қаза болуы мәселелеріне тоқталды. Ол бейбіт уақытта мұндай фактілерге жол берілмейтінін және барлық лауазымды тұлғалар мұндай жағдайларды болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдауы керек екенін атап өтті. Жеке құрамның қаза болуы мен жарақаттану себептеріне жан-жақты талдау жүргізетін «әскерде нөлдік өлім-жітім» бойынша шаралар кешенін әзірлейтін жұмыс тобын құру тапсырылды. Бағдарламаны әзірлеуге Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғаларын, ардагерлер ұйымдарын, білім беру және медициналық мекемелердің өкілдерін, психологтарды да тарту қажет. Осы бағдарламаны іске асырудың негізгі нысаналы индикаторы Қарулы күштерде қаза табу дерегін толық жою болуға тиіс.

«Әскердегі әлімжеттік туралы естіп жүрмін» деген Қазақстанның «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев аталған бағдарламаны толығымен зерттеу керегін айтады.

«Біздің кезімізде ондай болмаған еді. Қазір «қай жерден келдің, әкең кім, әкеңе жаз, ақша жіберсін» деп сұрап, әлімжеттік жасайды. Амалы жоқ сарбаз әке-шешесінен ақша сұрап хабарласады. Біздің жаңа Қазақстанға, әскердің жаңа сабына жаңа реформа керек. «Әскердегі нөлдік өлім» бағдарламасынан хабарым бар. Бірақ ол қалай болады? Қалай жүзеге асырады? Мен де шеттеп қалмаймын, атсалысамын, сөйлесеміз, талқылаймыз. Ниеттері жақсы, бірақ соны қалай істеуге болады, сөзбен ба, тілмен бе, жоқ, жарнамамен бе? Осы жағын анықтап алу керек», – дейді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Біз осы орайдай «сарбаздардың әскерден қашуы немесе әскери қызмет кезінде өз-өзіне қол салуы неліктен жиілеп кетті?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.

ӘСКЕРИ КОУЧИНГ ДЕГЕН НЕ?

Коучинг өткен ғасырдың ортасында пайда болғаны бәрімізге мәлім. Кейіннен іскерлік ортада қолданыла бастады. Армиялық коучинг әскери қызметшінің жеке дамуы үшін тиімді құрал болмақ. Басқаша айтқанда, бұл әскери қызметшінің мақсатын, идеялары мен жоспарын нақтылау және іске асыру процесі. Бұл туралы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицері, педагогика ғылымының кандидаты, майор Ернар Мэлсұлы Искаков Қорғаныс министрлігінің «Онлайн брифинг» бағдарламасында айтып берді.

Оның айтуынша, қазір армиялық коучинг тестілеуден өтуде. Бұл пилоттық жобаға бірқатар әскери бөлімдер қатысады.

«Жақында біз Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттарымен коучинг сабақтарын өткіздік. Осы айда тәжірибені жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар оның ағымдағы нәтижелері осы жұмыс күнінің тиімділігін көрсетті. Жүргізілген сауалнама әскери қызметшілердің 90 пайызының қызығушылық танытқанын көрсетті. Респонденттердің 80 пайызы қолдануға ниет білдірді. Келешекте әрбір әскери бөлімде лауазымды тұлғаларынан штаттан тыс армиялық коуч институтын енгізу мәселесін жоспарлап отырмыз. Армиялық коуч біріншіден, әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындауға, сапасын арттыруға, екіншіден командир мен бағынысты арасындағы сенімді нығайтуға, үшіншіден әскери ұжымдарда моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Әрине, күн тәртібінде армиялық коучтерді коучинг ретінде дайындау процесіне қатысты бірқатар проблемалық мәселелер де бар. Азаматтық жоғары оқу орындарында арнайы жұмыстар шеңберінде лауазымды тұлғаларды оқыту мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде кәсіби бағдарланған армиялық коучинг оқу-әдістемелік құралын әзірлеп, басып шығардық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», – дейді майор Ернар Мэлсұлы Искаков.

Айта кетейік, әскери қызмет белгілі бір регламент пен тиісті талаптарға бағынышты мемлекеттік қызметтің түрі. Қазіргі кезде қарулы күштер құрылымы әскери қызметшінің мансабын дамыту процесіне ерекше көңіл бөліп отыр.

САРБАЗДАР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ  ТҰРҒЫДАН ДАЙЫН БА?

Елдегі түрлі жағдайларды естіп, хабар таратып жатқан соң, осы орайда «сарбаздар әскерде қызмет етуге дайын емес пе?», «оларды психологиялық тұрғыдан алдын-ала дайындамай ма?» деген сауалдардың туындайтыны рас. Әскери психолог, майор Қуат Алқамбаевтың айтуынша, әскерге алынар алдында да, әскерге қабылданған соң да сарбаздардың психологиялық жай-күйі тексеріледі.

«Негізі азаматтарды әскерге шақырғанда ­военкоматта психологиялық тексерістен өтеді. Оның қорытындысы бойынша, әр әскери психологтар келіп олар тағы да тексереді. Әскери қызметке келген соң, әскери психологтың қабылдауында болып, тексерістен өтеді. Осы психологиялық тексерістен өткен соң ғана, өздеріне сай әскери бөлімшелерге бөлінеді. Ал әскери қызметке алынған кезде психологиялық дайындықтан өтеді. Әскерде суицид жасау мәселесіне келсек, мұны екі себептен қарастыруға болады. Біріншіден, оның тұқымында болу-болмауына байланысты. Мәселен, ата-анасының немесе туыстарының бірі суицид жасаған болса, азамат та оған қадам ­жасауы мүмкін. Екіншіден, азамат әскерге дейін еркін өмір сүреді, ал әскери қызметте арнайы шарт ­болады. Сол шартқа шыдамай өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай өте аз. Мысалы, біз 100 мың сарбаз алсақ, оның бір-екеуі ғана солай болуы мүмкін. Ал мұндай жағдай әскери қызметте ғана емес, азаматтық өмірде де орын алуы мүмкін ғой», – дейді әскери психолог, майор Қуат Алкамбаев.

Оның айтуынша, әскерде отбасылық жағдайдың әсері жоқ. Сарбаздың бәрі бірдей.

«Тамағы бірдей, киімі бірдей. Ол байдың ­баласы ма, орта таптың баласы ма, айырмашылығы жоқ. Бәріміз Отан қорғаушымыз. Баршамызда бір мақсат – Отан қорғау. Бір жағдайды ескеру керек, ауылдан келген, отбасылық жағдайы орта жігіттер Отан алдындағы борышын өте жақсы орындайды. Ал жағдайы жақсы отбасының балаларының көбі оқып, оқудан кейін келмей кететіндері бар. Ал әскерде жақсы, орташа, төмен отбасынан шыққан деп бөлмейміз. Үкімет бізге бәрімізге бірдей, тең дәрежеде қарайды. Сонымен бірге «әскердегі өлімнің нөлдік деңгейі» бағдарламасы бәрімізге ортақ. Әр әскери адам үшін, командирдің ең бірінші тапсырмасы – ата-анаға сау баланы аман-есен қайтару», – дейді әскери психолог, майор Қуат Алкамбаев.

Қарулы күштердің 30 жылдығымен құттықтаған ҚР «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев әскерден қашу, өз-өзіне қол салу сарбазға лайық іс емес екенін айтады.  Дегенмен дәл бүгінгі таңда, әскердегі жағдайға барлығымыз жауапты екенімізді алға тартты.

«Әскер сапында кім тұрады? Отан алдында ант алған азаматтар тұрады. Олар бізге бөтен емес, біздің балаларымыз. Отан алдында ант алмақ түгілі, кейбіреулер әскерден қашып жатыр. Бұл не деген сұмдық? Әр азамат Отан үшін туған, Отан алдында ант алуы керек. Отанға қызмет етуі керек. Ал қазір сарбаздар өз өмірін қиып жатыр деген де әңгіме бар. Бірақ бұл жағдайды реттеу командирдің парызы емес. Оны тоқтату – бүкіл қазақ елінің ­парызы. Ата-анасының, оны мектепте тәрбиелеген мұғалімдердің, командирлердің, бәрінің парызы. Осының бәріміз бірлесіп істесек, онда бұл кем болар еді. Он сегіз жыл тәрбиелеп, әскер сапына барғанда бірдеңе болса, командир жауап бере ­салады. Бұл дұрыс емес қой... Осыны дұрыс түсіну керек. Міне, «Жаңа Қазақстанға» қадам бастық. Жаңа реформа өтті. Осы реформада әскери реформа шеттеп қалмау керек. Әскери реформа:  оның ішінде психиатр, педагог, психолог, бәрі болуы керек. Реформа төрінде ардагерлер, ата-аналар, офицер-командирлер, бас қосып әңгіме құрып, ол шындыққа жанасқаны абзал. Біздің балаларымыз әскерден мақтанышпен оралып, әскер сапына күліп-ойнап барып, күліп-ойнап қайтуы керек.  Ал аналар баласын әскерге жіберерде «Балам, сені Отан үшін туғам, бұл парызың» деп айтуы қажет. Мұның барлығын реттейтін не? Әрине, әскери реформа!», – дейді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

«Халық қаһарманының» айтуынша, кезінде  ата-аналар баласын «етің Отанға,  сүйегің маған» деп әскерге аттандырған екен. Өйткені бірнеше жыл баласын көрмей, басқа елге әскерге аттанған баланы солай жігерлендіретін көрінеді.

«Ал қазір әскер деген бір жыл ғана, оның үстіне өз еліңде, мынау жақын тұрған Семейде, Таразда өтейді. Бір Қазақстанның ішінде бола тұра ­проблема көп. «Менің реформа қажет» деп отырғаным осы. Біздің жаңа Қазақстанға, әскердің жаңа сапына жаңа реформа керек», – дейді ­генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

P.S.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне биыл 30 жыл толды. Армия құрғақта және теңізде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Түркіменстан елдерімен шектесетін 15 мың шақырымдық мемлекеттік шекарамызды қорғап тұр. Бейресми деректерге сүйенсек, 2010–2020 жылдар аралығында Қазақстанда 220 әскери қызметкер суицид жасаған. Ал осы жылдың алғашқы алты ­айында «өз-өзіне қол салды» деген үш сарбаздың өлімі тіркелді. 

Дереккөз: "Ана тілі". Фото: twitter.com