60-қа жуық ғылыми еңбектің авторы, АҚШ-та докторлық диссертациясын қорғаған жас қазақ ғалымы Бөленбаев Мақсат Жұмабайұлы Standard.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
- Жас та болса, 60 шақты ғылыми еңбек жазған дарынды жігіттің қай жерде туып өскені, қайда білім алғаны қызық болып тұр.
- 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында құрылысшы және мұғалімнің жанұясында дүниеге келдім. Кеңес одағының 6 батыры шыққан Арыс қаласынан екендігімді әлі күнге дейін мақтаныш тұтамын. 1990 жылы Арыс ауданына қарасты Монтайтас елді мекенінде бастауыш сыныпқа бардым. 1997 жылы жанұямызбен Арыс қаласына қоныс аударып, 2001 жылы мектепті тәмәмдадым. Сол жылы арман қуып Алматы қаласына келіп, жоғары оқу орнына тапсырдым. Бірақ қанша тырыссам да екі жыл қатарынан оқуға түсе алмадым. Ақыры діттеген мақсатыма жетпей қоймаймын деп 2003 жылы техникалық мамандар дайындайтын Қаныш Имантайұлы Сатпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінің Металлургия факультетіне оқуға түстім.
- Ауылда туып өскен бозбала үшін үлкен қаланың беделді жоғары оқу орнында білім алу, өзін жан-жақты көрсету қиын соқпады ма?
- Айтсам мақтанғандай боламын ба. Енді сіз сұраған соң ағымнан жарылайын. Мен университет қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. 1-ші курстан бастап кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары және Тау-кен металлургия институты кәсіподақ бюросының төрағасы қызметін қатар атқардым. Қалалық жастар конгресінің, жастар комитетінің мүшесі болдым. Қазақстан тарихынан халықаралық конференцияға қатысып, «Шыңғысханды зерттеу» тақырыбында жазған ғылыми зерттеу жұмысыммен 2-ші орынды жеңіп алдым. Қазақстан Республикасының «Парасат», Білім және Ғылым кәсіподағының «Құрмет» грамотасымен марапатталдым. 2-ші курсты оқып жүргенде институт деканы техника ғылымдарының докторы, профессор Көбжасов Абубәкір Көбжасұлы шақырып алып, Мәскеу қаласына оқуға баруға мүмкіндік туғанын айтты. Ресей астанасына баруға ниеттеніп жүргенімде бір күні университетімізге сол кездегі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ президенті Мұхтар Жакишев келетіні, студенттермен кездесу өткізетіні мәлім болды. Сол сәттен ол кісі туралы мәліметтермен таныса бастадым. Көптен күткен уақыт жетіп, Мұхтар Еркінұлымен жүздестік. Үлкен залда ұстаздар мен шәкірттер аяғымыздан тік тұрып қонақтың әсерлі әңгімесін тыңдадық. Ол кісі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ жас компания екенін, ол салаға мықты мамандар керек екенін айтты. Компанияда жұмыс істеп қана қоймай, қосымша технологияны меңгеруге, үлкен шәкіртақы алуға мүмкіндік барын жеткізді. Біздің Университеттен мамандар таңдалатынын естіген соң бағымды сынап көрмекке бел будым. Тест, емтихандардан сүрінбей өтіп, компания шәкіртақысын ұтып алдым. Осылайша «Қазатомөнеркәсіп» саласының болашық маманы ретінде тіркелдім. Сонымен Мәскеумен қош айтысып, атом саласына бет бұрдым. 2008 жылы Университет бітірген соң жолдамамен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ірі өндіріс ошағы «Бетпақ Дала» біріккен кәсіпорнының «Оңтүстік Ыңғай» кенішіне жұмысқа орналастым. Жұмысым вахталық тәсілмен болғаны мен үшін нұр үстіне нұр болды. Осы жылы өзім бітірген Қара шаңыраққа магистратураға құжаттарымды тапсырып, емтиханға дайындалдым. Аталған сындардан сүрінбей өтіп магистратураға мемлекеттің тапсырысымен грантқа түстім. «Исследование пероксидного осаждения урана-пероксидный аффинаж» тақырыбында магистрлік диссертация қорғап, «Техника және технологиялар» магистрі академиялық дәрежесін алдым. Осы аталған өндіріс ошағында болашақ жарыммен таныстым. Магистратураны бітірген жылы отау құрдық. Бүгінде 7 бала тәрбиелеп отырмыз: Бақнұр, Айша, Жасмин және Амина атты айдай сұлу төрт қызымыз, Алиасқар, Альтаир және Марғұлан атты арыстай үш азаматтыз бар.
- Мына нарық заманында жас отбасыға 7 баланы бағып-қағу оңай емес. Сонда докторлық диссертацияны қашан жазып және қашан қорғап үлгердіңіз?
- Магистратураны бітірген соң жанұялық жағдайымды реттеп, докторлық бағдарламаға дайындығымды бастап кеттім. 2011 жылы 2-жыл дайындықтан соң докторантураға тапсыруға бел будым. Сындардың бәрінен сүрінбей өтіп докторантураға мемлекет бөлген грантқа қабылдандым. Докторлық диссертацияны қорғау және доктор дәрежесін алушыларға қойылатын басты талап - екі ғылыми жетекші табу. Біріншісі қазақстандық, екіншісі міндетті түрде шетелдік ғалым болуы шарт. Шетелдік жетекшімді табуыма Қазастандағы ірі ғалым, бүгінгі күні Американың Колумбия университетінде қызмет етіп жүрген профессор Айбасов Еркін Жәкенұлының көмегі көп тиді. Нәтижесінде АҚШ-тың Индиана штатындағы Нотр Дам Университетінің үлкен ғалымы Питер С Бернспен танысудың мүмкіндігі туды. Осы Университеттің базасында 2013-2014 жылдары ғылыми мақалалар, еңбектер жазып, оқу орнының зертханасында ғылыми зерттеулер жасап, докторлық диссертациямның тақырыбы бойынша жұмыс істедім. Еңбегімді Нотр Дам Университетінің профессоры алдында қорғап, елге сертификатымды алып келдім. Мұнан кейін, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбішева Зейнеш Садырқызы бастаған ғылыми кеңесте еңбегімді дәлелдеп, металлургия саласы бойынша PhD Докторы дәрежесін алдым.
- АҚШ-та докторлық диссертация қорғаған қазақ азаматтары көп емес. Солардың бірі өзіңізсіз. Мұхиттың ар жағында қалып қою жайлы ойладыңыз ба?
Америкада жұмыс істеуге жақсы мүмкіндігім болды, бірақ өз еліме пайдамды тигізейін деп ойладым. Ғылым мен өндірістен қол үзген емеспін. Бүгінгі күні 60-қа жуық ғылыми еңбектің авторымын. 2020 жылы Ұлттық Тау-Кен Академиясының Корреспондент мүшесі атандым. Елге келгеніме қуанамын. Себебі еңбегім жанып, Қазақстан Республикасы Атом саласының үздік қызметкері марапатымен марапатталдым. Қазақстан Ядролық Университетінің жанында «Управление цехом и производственным участком промышленного предприятия» атты тақырыпта Ресейдің Санкт Петербург қаласындағы мемлекеттік Теңіз Университетінде дәрежені жоғарылату мақсатында білім алдым. Бірнеше ғылыми жобаларға атсалыстым. Қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ қарасты «Оңтүстік Тау-Кен Химиялық Компаниясында» өндірістік бөлім бастығының орынбасары, сонымен қатар Сатпаев Университетіне қарасты «Металлургия және Кен байыту Институты» Акционерлік Қоғамының «Cирек және шашыраңқы металдар» зертханасының меңгерушісімін.
- Отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілейміз.
- Рахмет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через