"Алтын-Емел" ұлттық табиғи паркінде жабайы аң көбейіп келеді

"Алтын-Емел" ұлттық табиғи паркінде жабайы аң көбейіп келеді
фото: altyn-emel.kz

       «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлтық табиғи паркінде жабайы аңдар көбейіп барады. 

       Себебі ұлттық саябақ аумағындағы қызыл кітапқа енген құлан саны төрт мыңға, ал қарақұйрық алты мыңға жеткен. Мұнда Қазақстанның қызыл кітабына енген жан-жануарлардың 25 түрі мекен етеді. Жайылымның тарылуына байланысты қазір құландарды еліміздегі өзге резерваттарға жерсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Іле өзенінің оң жағалауындағы жазықтық пен Жетісу Алатауының сілемдерінде орналасқан парк аумағында Пржевальский жылқылары, 3 мыңдай таутеке және 115 бас Тянь-Шань арқары бар. Ал қар барысының саны 13-ке жеткен. Парк қызметкерлері соның үшеуінің мойнына сандық қарғыбау тағып, бет алған бағытын үнемі бақылап отыр. Биыл «Алтын-Емелге» 16 мыңнан астам турист келген. Коронавирус пандемиясы аяқталғалы мұнда шетелдік саяхатшылар да жиі табан тірейтін болды.  

       Қуат Байтұрбаев, "Алтын-Емел" МҰТП" бас директоры: 

       - «Алтын-Емел» паркінен басқа резерваттарға, парктерге осы жерден жіберіп жатырмыз. «Іле-Балқашқа» былтыр 60 бас жібердік. «Алтын далаға» да жібердік. Барлығының саны 304 бас құлан осы жерден жіберіліп жатыр. Қазақстанда бірінші рет осы «Алтын-Емелдің» тауынан снежный барс дейміз ғой, ілбістерді ұстап, 3 барсқа біз ошейник кигіздік. 

       Мұрат Сыдығалиев, "Басши" орманшылығының басшысы: 

       - ЮНЕСКО-ға кірдік. Құлан кетіп қалмауы үшін біздің территориядан қыстың күні қар жауып, нететін болса, ішіне шөп төгеміз. Құстарға беседкалар орнатамыз. «Алтын-Емел» ұлттық табиғат паркінің жан-жағының бәрі қоршауда. Мына жағында пост тұр, күншығыс жағында тағы пост тұр. Ешқандай кіру деген жоқ. 10 жылдың көлемінде қазір ешқандай заңбұзушылық жоқ деп есептеуге болады.

       Ақпарат дереккөзі: 24.kz