Алматы ипподромына күрделі жөндеу керек

Алматы ипподромына күрделі жөндеу керек
фото: sputnik.kz

Алматыдағы ипподромға күрделі жөндеу қажет. Мәдениет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жалпы 45 ипподром бар. Соның ең үлкені – 300 атқа арналған Алматы ипподромы.

"30 жыл бұрын Тәуелсіздік алған жылдары біздің мемлекет ат спортынан бас тартты, сондай-ақ ипподромдарды да қараусыз қалдырды. Жылқыны азық-түлік ретінде қаржыландыруды қолға алды. Сол себепті жекеменшіктің қолына берді. Тәуелсіздік алғалы бері ипподром жекеменшікте. Кейіннен Алматы әкімдігі сатып аламыз деді, сосын алмайтын болды. Біресе аламыз, біресе алмаймыз деп бірнеше рет ойланды", - дейді Алматы ипподромы басшысының міндетін атқарушы Юрий Кищенко.

"Ипподромның жағдай жақсы деп айта алмаймын. Өйткені күрделі жөндеу керек. Бізге ол үшін бизнес-алгаритм керек. Ипподромды жөндеу үшін бизнесті жақсарту керек. Өкінішке қарай бізде ондай ақша табатын мүмкіндік жоқ. Біз тек ат қораларды жалға беріп, соның ақшасына ипподромды ұстап тұрмыз", - деп атап өтті Юрий Кищенко.

Мамандар "ипподром қорасын қалталылар ғана жалға алады" деген әңгіме қауесет дейді.

"Бәйге аттарын бағу оңай шаруа емес. Оның жем-шөбі, күтімі бар. Қорасы таза, спорттық құрал-жабдығы түгел болуы керек, бұнымен қоса қаншама маман жұмыс істейді. Мәселе байлардың аттарында емес, мәселе қандай да болсын кіріс көзіне ипподромды ұстап тұру", - дейді ипподром басшылығы.

Ал "Бәйге федерациясынның" мүшелері ипподром қолдан-қолға өтіп, тойдағы шапанның кебін киіп жатыр дейді.

"Алматы ипподромында 1930 жылы салынған қоралар бар. Бәйге өткенде отыратын орын жоқ. Кезінде сатып алған жекеменшік азамат бұл ипподромды сүріп тастап, орнына тұрғын үй салу үшін алған. Бірақ атбегілер қарсы болып, сол күйі қалып қойды", - дейді "Бәйге федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Жомарт Сайболатов.

Ал Шымкентте салынған заманауи ипподромның да сапасы сын көтермейді дейді мамандар.

"Біздің арманымыз осы Алматы ипподромын жергілікті әкімдік сатып алса дейміз. Шымкентте әлемдік стандарттағы ипподром салынған деп айтып жүр. Бұл өтірік. Алматы ипподромы 300 атқа арналса, Шымкент ипподромы 80 атқа ғана арналған. Ол жерде 20 атқа ғана қора бар. Бәйгеге кемінде 80 ат қатысады. Сонда алыстан келген аттар тұратын қора жоқ. Алыстан барған аттар қора іздеп босып кетеді. Ол қоралардың өзін қалталылар алып алған", - дейді Жомарт Сайболатов.

Шымкенттегі ипподромда атқа емес, адамға ғана жағдай жасалған дейді мамандар.

"Ат шабатын жол нашар. Сол ипподромды салған компания енді Түркістанда салмақ. Сайып келгенде Қазақстанда тағы бір сапасыз ипподром салынады. Шымкенттің ипподромында наурыз айында болған ат жарысында Франциядан келген аттың аяғы сынды. Өйткені жарыс жолы сапасыз. Ал Алматыдағы ипподромда жағдай атқа бар, адамға жоқ", - дейді "Бәйге федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері.

Алматы ипподромы сүріліп, орнына тұрғын үй салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ипподромды жекеменшігіміз екен деп сүре салмаймыз. Әу баста тұлпар шабатын орын болған, солай болып қала береді. Оны сүру, сүрмеуді мемлекет өзі шешеді. Егер мемлекет рұқсат берсе, сүрілуі мүмкін. Онда да орнына ипподром салынатын болса ғана".

Қазақпарат