Әлемнің ең үлкен кітапханасы

Әлемнің ең үлкен кітапханасы

       «Александрия кітапханасы өртенген 391 жылдан 1220 жылға дейін 830 жыл Отырар кітапханасы әлемдегі ең үлкен кітапхана болған» деп қорытындылайды профессор Еренғайып Омаров. Өкінішке қарай, даңқты бабаларымыздың мыңдаған жылдың тарихымен, ғылым, білім, өнердегі жетістіктерінінің алтын қоры сақталған осы кітапхана түгі қалмай жойылып кетіпті. Жер түбіндегі мысырлық ғалым Птоломей болмаса бізде ондай кітапхана болғанын білмес те едік.

       Осы кітапханадан білім алған, бүкіл әлем мойындаған Әбу-Нәсір әл-Фараби туралы деректерді де тек соңғы кезде алыс шетел деректерінен таптық. Отырардын өзінде әл-Фарабиден де білімі жоғары, оған білім үйреткен талай ғалымдардың болуы да мүмкін. Себебі Отырар кітапханасын әл-Фараби жинамағаны айтпаса да түсінікті. Бұл кітапханада жүздеген жылдар бойы қаншама ғалымдар еңбек етті. Ол заманда кітаптың өте қымбат тұратынын ескерсек, бұл кітапхананы жинауға мол қаржы кеткені анық.

      Ол кітаптарды сатып алу, жинақтаудан басқа осы кітаптарды сақтайтын үлкен кітапхана ғимараты және ондағы жұмыс істейтін ғалымдарды қаржыландыру қала бюджетіне оңайға түспесе керек. Бұндай шығынды кішігірім қалалардың көтере алмасы белгілі. Осындай үлкен кітапхананы IX ғасыр­да әлемнің жарты бөлігінен байлық тоқтаусыз құйылып жатқан Бағдат халифтері жи­нақтаған. Халиф Әл-Мамун (813-833ж.) Бағдат қаласында «Байт Әл-Хакма» (Даналық үйі) атты ғалымдар үйін ашып, дүниенің түкпір-түкпірінен ғалымдар шақырып, кітапхана қорын әзірлеген. Обсерватория ашқан. Кейін Бағдатта өте үлкен кітапхана жинақтаған.

       Бұл «Даналық үйінде» Орта-Азияның, гректің, парсының, Мысырдың көптеген ғалымдары жұмыс жасады. Солардың еңбегінің арқасында кейін «араб өркениеті» деген түсінік пайда болды . «Даналық үйінде» ең бірінші болып Ортаазиялық математик Әл-Хорезми басшылық жасады. Әбу Насыр әл-Фараби де Бағдат халифінің шақыртуымен Бағдат­қа барған. Осы кездегі Бағдат Халифінің басты уәзірлері Фараб қаласынан болған деген дерек бар . Халифке ақыл қосатын уәзірлердің тек білімді, қабілетті адамдардан жиналатынын ескерсек, Фараб қаласының бұл заманда ғылым-білім, мәдениеті өте жоғары қала болғаны айтпаса да түсінікті. Ғылым-білімде осындай үлкен жетістікке жеткен Фараб-Отырар қаласының негізгі табыс көзі сауда деп білеміз. Кейін ғалымдар «Ұлы Жібек жолы» деп атаған үлкен сауда жолының күре тамырында орналасқан қаланың табысы жоғары қала болғаны даусыз. Енді осы Тарбанд, Турарбанд, Кедер, Фараб, Отырар деп аталатын Отырар өңіріндегі қалалардың іргесі қашан қаланды? Бұған жауап беру үшін қазіргі қолда бар мәліметтерді сөйлетіп көрейік. Бейсенбай Бекжан «Ана тілі»

 Ақпарат дереккөзі