Бір кездері әлемге әйгілі болған Алматының қызыл алмасы - апортты қайта көбейту керек. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.
Елде апорттың алып түрін өсіру бастамасы осыдан 8 жыл бұрын қолға алынған. Алайда көп ұзамай игі бастама аяқсыз қалды. Қаржы бөлінбеді, апорт өспеді. Әуелде бұл іске білек сыбана кіріскен азды-көпті фермерлер алманың өзге түрлерін егуді жөн санады. Қазір Алатаудың етегіндегі алқаптарда алманың сан түрі өседі, бірақ апорт сирек. Неге?
Қарғалы таудың етегінде орналасқан ауыл. Бес жыл бұрын жеке серіктестік 25 гектар жерге алманың бес түрін екті. Көшеттер Венгриядан әкелінді. Былтыр алма бақ алғаш рет жеміс берді. Әр гектарынан бір тоннадан астам өнім жиналды. Былтыр компания бес гектар жерге апорт отырғызған.
Нұрдәулет Жиенбеков, агроном: - Әлбетте көп. Апорт дегеніңіз Алматының алмасы ғой. Мүмкін емес ғой шықпауы. Шығып жатыр. Тиімді. Көп алма негізі жеті жылдан кейін өнім береді. Содан соң ол тоқтамай береді. Тек қана суықтан аман қалса бере береді. Алманың өзінің тәртібі сондай.
Жалпы облыстың тауар өндірушілері негізінен Еуропа елдерінде шығарылған алма түрлерін өсіреді. Өйткені, олар тез пісіп, өнімді де молынан береді. Ал, апорттан өнім алу үшін кемінде 7 жыл күту керек. Апорт ағашы ауруға тез шалдығып, бактериалдық күйікке ұшырайды. «Ерекше күтімді қажет ететін жемісті өсірудің өз қиыншылықтары мол» дейді мамандар.
Қайрат Тойшыбеков, Жамбыл аудандық ауыл шарушылығы бөлімінің бас агрономы: - 54 гектар жоғары жақта интенсивті бақ бар. Алма бақ көлемі 600 гектар. Содан кейін мына жақта тағы 15-20 гектардай бақ өнім берген жоқ әлі. Енді биыл Құдай қаласа береді.
Ғалымдар апортты қайта шығару жолында ізденіп, еңбектеніп жатыр. Мысалы, қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талғар тауларының етегіндгі 5 гектар жерге жас көшеттер екті. Өткен жылы көшеттер 10 пайыз өнім берген. Күн сәулесі мен кеңістікті сүйетін ағашты үнемі суарып тұру қажет. Агротехникалық әдістер арқылы алманың сапалы түрін шығаруға мүмкіндік мол дейді ғалымдар.
Сәуле Қазыбаева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы: - Қазіргі таңда апорт сортын қолданумен 27-ден аса сорттар шығарылған. Олар мысалы, «Күләш», «Нұрсәт», «Айнұр», «Есен» және де басқа сорттар болып табылады. Кейбір сорттар мемлекеттік сорт сынақтан қтіп, қазір мемлекеттік тізбеге енгізілген. Апорт сортын сақтау үшін мемлекеттік бағдарламар құру керек. қазіргі таңда апорт сортының алып жатқан көлемі 2 мың гектарға жуық.
Қазақстанның мақтанышына, Алматының символына айналған апорт алма ағашы алпыс жылға дейін өмір сүріп, өнім береді. Әлемнің бірқатар елдерінде апорт өскенімен дәл Алматының апортына жетері жоқ. Сондықтан апорт сортын қалпына келтіру заман талабы.
Дереккөз 24.kz. Фото bangkokbook.ru.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через