Әлемде «цифрлық көшпенділердің» жаһандық көші-қоны жүріп жатыр

Әлемде «цифрлық көшпенділердің» жаһандық көші-қоны жүріп жатыр
фото: pixabay.com

Әлемде кейінгі кезде «Цифрлық көшпенділер» деген ұғым пайда болды. Ол тіркес негізінен цифрлық технологиялар саласында қашықтан еңбек ететін, жұмыс орнына байланбай, дүние жүзінің кез келген жерінде тұра беретін адамдарға қатысты қолданылады. Бірқатар мемлекет фрилансерлер үшін цифрлық көшпенді немесе Digital Nomad визасын ұсына бастады. Оны алу үшін белгілі бір деңгейдегі табысыңды көрсетіп, жергілікті тұрғындардың жұмысын «тартып алмайтыныңды» дәлелдеуің керек. Мұндай виза беруді Қазақстан үкіметі де қарастырып жатыр. Жуырда Президент елімізді «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруды тапсырған еді. Цифрлық көшпенділер деген кімдер, оларға қандай жағдай жасалады, бұдан ел экономикасына не пайда? Басқа елдерде оларға қандай артықшылықтар ұсынады? 

«Цифрлық көшпенділер» қатары күннен-күнге көбейіп жатыр

Цифрлық көшпенділер қашықтан жұмыс істейді. Әрине, қашықтан жұмыс істеу жаңалық емес. Көптеген адам пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеп үйреніп қалды. Бірақ егер бұрын бұл фрилансерлердің артықшылығы болса, енді бұл кеңсе қызметкерлеріне де қатысты болып отыр. Себебі бүгінде «цифрлық көшпенділердің» 60%-дан астамы – қашықтан жұмыс істейтін дәстүрлі қызметкерлер.

Әлемде 35 миллионға жуық «цифрлық көшпенді» бар. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға қарай олардың саны миллиардтан асады.

The Boston Consulting Group (BCG) зерттеушілерінің айтуынша, сауалнамаға қатысқан («цифрлық көшпенді») респонденттердің 80%-ы жоғары білімді, 38%-ы магистратура немесе аспирантура бітірген, ал 4%-ының докторантурасы бар. Цифрлық сарапшылардың 68%-ы - ерлер, сондай-ақ АІ саласында гендерлік алшақтық айтарлықтай жоғары – жасанды интеллект жасаушылардың 72%-ы ерлер. Дегенмен, цифрлық мамандықты таңдайтын әйелдер де аз емес. Әлемдегі цифрлық таланттардың шамамен 40%-ы әрқашан жаңа жұмыс жөніндегі ұсынысқа ашық.

MBO Partners зерттеуіне сәйкес, Америка Құрама Штаттарындағы қашықтағы жұмыскерлердің саны 2019 жылдан бері 131% өскен. Ал, әлемде «цифрлық көшпенділердің» жаһандық көші-қоны жүріп жатыр.

Ең бастысы, «цифрлық көшпенділер» Амстердам, Шанхай, Бангалор, Лондон, Тель-Авив, Сиэтл, Бостон, Остин, Торонто, Нью-Йорк, Берлин, Токио және т.б. сияқты жаһандық технологиялық хабтарға тартылады. Бүгінде цифрлық данышпандар үшін ең қолайлы жер – Америка Құрама Штаттары. Бірақ көрші елді немесе тілі ортақ, мәдениеті ұқсас елді таңдайтындар да көп. Қазір мұндай мамандар аз болғандықтан, әлемде цифрлық таланттарға сұраныс жоғары. Бұл ретте жасанды интеллект (AI) және agile саласындағы мамандарға сұраныс артқан.

Цифрлық көшпенді

Инфографика: Kazinform

Жұмыс берушілер не ұсынады?

Цифрлық дағдылары бар мамандарды тарту тұтас елдің экономикалық табысын жақсартады. Сондықтан елдер цифрлық индустрияға зияткерлерді тарту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, жақында Жапония үкіметі цифрлық дарындыларға елде 6 айға дейін тұруға мүмкіндік беретін жаңа виза жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады (бұрын қысқа мерзімді туристік визамен небәрі 90 күн болатын – ред.).

Виза алу үшін жұмыскерлердің жылдық табысы 10 миллион иеннен (68 200 доллар) жоғары болуы шарт. Сонда ол виза шектеулерінен босатылады және Жапониямен салықтық қарым-қатынасы бар 49 ел мен аймақтың тұрғыны болуы керек. Олардың жұбайы мен балаларына да кіруге рұқсат етіледі.

Әлем елдері басқа қандай қолайлы шарттар ұсынатынын инфографикадан көруге болады.

Цифрлық көшпенді

Инфографика: Kazinform

Цифрлық көшпенділерге не керек?

Цифрлық индустрияның жетекші мамандары инновация көзі ретінде қызмет етеді және мемлекетті жоғары деңгейге жеткізе отырып, елді цифрландыруды дамытуға көмектеседі. Сондықтан елдер әртүрлі шарттар мен артықшылықтарды ұсынып, цифрлық сарапшыларды тартуға тырысады.

Цифрлық зияткерлер жақсы жалақы мен жайлы өмір салтына ерекше мән береді.

Енді Қазақстанға оралсақ... Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берді. Президент бұл туралы қайта-қайта еске салып, цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін барынша пайдалануды ұсынып та келеді. Енді ол талапты күшейтті – «Қазақстан «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналуы керек» деді.

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.