фото: https://sputnik.kz
6 проценттік кредитке қандай кәсіп ашуға болады
"Бизнес Бастау" жобасы аясында ойыншық жасау, киім тігу кәсібін дамытып, музыкалық студия ашып алғандар бар. Тың идеялар да аз емес
Қазақстанда "Бизнес Бастау" жобасы аясында 6 процентпен кредит беріледі. Бұл ақшаға жаңа кәсіп ашуға, тіпті бизнестің айналымдағы қаржысын арттыруға болады. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаппай кәсіпкерлік және микроқаржыландыру департаменті басшысының орынбасары Ринат Кемешов микрокредиттік ұйымдар арқылы рәсімделетін жеңілдетілген бизнес кредиттер туралы айтты.
Кредиттік каникул қарастырылған
6 проценттік кредиттің сомасы 7 миллионнан басталады. Шекті көлемі – 22 миллион теңге. Оны өңірге қарай есептейді.
"Мысалы, ауылдық округтер мен аудан орталықтарында жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлерге 7 миллион теңге кредит беріледі. Қалаларда – 17 миллион, ал Шымкент, Атырау мен Ақтауда 22 миллионға дейін жеңілдетілген кредит алуға болады. Нұр-Сұлтан мен Алматы бұл жобаға кірмейді. Себебі негізгі мақсат – өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту", - дейді Кемешов.
Кредит мерзімі – 5 жыл. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы бастама болса, 7 жылға дейін ұзартылады. Оған қоса, жарты жылдан екі жылға дейін кредиттік каникул алып, қарызды кейінге қалдыруға болады.
"Мысалы, жем-шөппен айналысатын шаруа қожалықтары көктемде техникасын дайындайды. Бірақ табыс таппайды. Сондықтан кредит төлеуден уақытша босатылады. Шабындық уақыты біткеннен кейін ғана төлейді. Сол сияқты мал бордақылау мен репродукция жасау кәсібі бар. Төрт түліктің санын арттыруға уақыт керек. Оларға да кредит төлеу жағынан бір-екі жыл жеңілдік жасалады ", - деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.
Ауылдағы мүлік те кепілзат ретінде қабылданады
Бүгінде екінші деңгейлі банктер көп жағдайда ауылдағы мүлікті кепілзатқа алмайды. Олар үшін кемінде аудан орталығы болуы қажет. Ал "Бизнес Бастау" жобасы аясында шалғай жатқан ауылдағы үйді де кепілге салып, 6 проценттік кредит алуға болады.
"Біз ауыл болсын, аудан орталығы болсын, үйлерді кепілзатқа ала береміз. Қазақстанда орналасқан кез келген жылжымайтын мүлікті кепілге салып, кредит алуға мүмкіндік бар", - деді Кемешов.
Дегенмен кепілзат болған күннің өзінде жеңілдетілген кредит бірден берілмейді. Алдымен дайындық курсынан өту керек. Сол кезде кредит алғысы келетін адам өзінің бизнес идеясын жан-жақты сараптап, кәсіби мамандардан кеңес ала алады. Бизнес-жоспар жасайды. Соның негізінде 6 проценттік кредит рәсімделеді.
"Әлемдік статистика бойынша бизнесмендердің 90 процентінің кәсібі бір жылдың ішінде күйіп кетеді. Кредит алған адамдар осындай жағдайға тап болмасын деп, арнайы курстан өту міндеті енгізілді. Ол жерде адамдар қаржылық сауатын ашады, мақсатына жетудің нақты стратегиясын жасайды. Мысалы, кейбіреулер айтқан идеясын істей алмайтынын түсінеді де, кредит алудан бас тартады. Ал "иә, мен істей аламын, бәрін түсіндім" дейтіндер барып, кредит алады, кәсібін бастайды. Оқыту курсы кезінде жаңа бизнес идеяны іске асыруға бел буған адамдар да болады", - дейді Кемешов.
6 проценттік кредитке қандай бизнес ашуға болады
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сәйкес, "Бизнес Бастаумен" кредит алатын адамдар сан алуан бизнес ашып жатады. Соның ішінде ойыншық жасау, киім тігу, музыкалық студия және тағы басқа бастамалар бар. Бір трактор немесе жүк тиегішпен табыс табамын дейтіндер келеді. Тың идеялар да аз емес.
"Мысалы, бір азамат жылан және тағы басқа құрт-құмырсқаны сатып алып, шағын зообақ ашқан. Соған балалар мен жасөспірімдерді 200-500 теңгеге кіргізеді. Бір қалада жоқ дегенде 100 мың оқушы бар ғой. Олардан біраз ақша түседі. Ал құрт-құмырсқаның тамағына көп ақша кетпейді екен", - дейді Кемешов.
Ондай бастамалар көп жағдайда іске асып, пайда да түсіп жатады.
"Бір кісі барабан үйірмесін ашты. Біз ән, би, домбыра үйірмесін білеміз, оған құлағымыз да үйреніп қалған. Ал барабан үйірмесі сирек кездеседі. Ол кісілер сұранысты зерттеп, кредиттің ақшасына үйірме ашып алған. Ерекше балаларға арналған жобалар бар. Қосшы қаласында ән-би үйірмесі ашылды, бәрін бір жерде үйренуге жағдай жасалды. Бүгінде ән үйірмесі қаланың бір шетінде болса, би үйірмесі басқа жақта болады ғой. Ал жаңа жоба аясында бәрі бір жерде, ары-бері шапқылаудың қажеті жоқ", - деп түйіндеді Кемешов.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через