Мереке кезінде отшашу атып, петарда қолданатындар қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті де естен шығармауы керек. Алматыда пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген орындарда пайдаланған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы «Эко Алматы» мекемесінің өкілдері ескертті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес, тыйым салынған орындарда отшашу атқан азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді. Ал заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
Мамандар отшашудың қоршаған ортаға да зияны бар екенін айтады. Жарылыс кезінде ауаға түтін, күйе және ұсақ зиянды бөлшектер таралады. Әсіресе желсіз күндері мұндай қалдықтар ауада ұзақ сақталады. Сонымен қатар 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматыда азаматтық пиротехниканы шығарындылары төмен аймақта қолдануға шектеу енгізу көзделген. Алайда ол үшін алдымен арнайы аумақтың шекарасы белгіленуі тиіс.
«Эко Алматы» мамандары тұрғындарды отшашу мен петарда қолданғанда жауапкершілікті ұмытпауға шақырады. Өйткені мерекелік көңіл күй өзгенің тыныштығына, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтірмеуі керек. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың міндеті.