Көзге көрінбейтін әлсіздік

Көзге көрінбейтін әлсіздік

фото: med-soyuz.com.ua

       Адам өзін үнемі шаршаңқы сезініп, бойынан әл-қуат таппаса, мұны көп жағдайда күнделікті күйбең тіршілікпен, ұйқының қанбауымен немесе шамадан тыс жұмыспен байланыстырады. Алайда кейде басылмайтын әлсіздіктің астарында ағзадағы маңызды өзгеріс – анемия жатуы мүмкін. Оның белгілері қарапайым шаршаумен ұқсас болғанымен, екеуінің айырмашылығы бар. Демалғаннан кейін шаршау басылуы мүмкін, ал анемия кезінде әлсіздік ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан мұндай белгілерді елемей, өздігінен диагноз қоюға болмайды. Бұл туралы Ұлттық госпитальдің эндокринолог дәрігері Нигора Тулаева түсіндірді.

       Анемия, яғни қаназдық – қандағы гемоглобин мөлшерінің, кей жағдайда эритроциттер санының төмендеуімен сипатталатын медициналық жағдай. Гемоглобиннің негізгі міндеті – оттегіні өкпеден ағза тіндеріне жеткізу. Оның мөлшері азайғанда жасушалар қажетті оттегіні жеткілікті деңгейде ала алмайды. Соның салдарынан адамның күнделікті белсенділігі төмендеп, түрлі жайсыздықтар пайда болады.

       Анемияның кең тараған себептерінің бірі – темір тапшылығы. Ол темірге бай тағамдарды жеткіліксіз тұтынудан, ет, бауыр мен балық өнімдерінің рационда аз болуынан, ішекте темірдің сіңуінің бұзылуынан немесе созылмалы қан жоғалтудан туындауы мүмкін. Сондай-ақ жүктілік кезінде және баланың қарқынды өсу кезеңінде ағзаның темірге деген қажеттілігі артады. Бұдан бөлек, В12 дәрумені мен фолий қышқылының жетіспеуі қан жасушаларының қалыпты түзілуіне кедергі келтіреді. Етеккірдің шамадан тыс көп келуі, асқазан-ішек жолдарынан қан кету, жарақаттар да қаназдыққа себеп болуы ықтимал. Созылмалы бүйрек аурулары, қабыну процестері, кейбір инфекциялар мен тұқым қуалайтын қан ауруларының да әсері бар.

       Анемияның белгілері гемоглобин деңгейіне және оның қаншалықты жылдам төмендегеніне байланысты әр адамда әртүрлі байқалады. Ең жиі кездесетін белгілеріне тері мен шырышты қабаттардың бозаруы, тез шаршау, әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, ұйқышылдық, есте сақтау және зейін қою қабілетінің төмендеуі жатады. Кейбір адамдарда жүрек соғысы жиілеп, физикалық күш түскенде ентігу пайда болады. Шаштың түсуі, тырнақтың сынғыштығы, ауыз бұрыштарының жарылуы, тәбеттің төмендеуі де назардан тыс қалмауы керек.

       Дәрігердің айтуынша, темір тапшылығы кезінде әдеттегі белгілерден бөлек, тосын көріністер де кездеседі. Мәселен, кейбір адамдарда бор, топырақ немесе мұз жеуге деген ерекше құмарлық пайда болады. Дәм сезу қабілеті өзгеріп, тіл ашуы немесе тегістелуі мүмкін. Аяқта жағымсыз сезімдер туындап, шаш пен тырнақтың құрылымы да өзгереді. Ал балаларда анемияның салдары әлдеқайда күрделі болуы ықтимал: өсу мен дамудың баяулауына, оқу үлгерімінің төмендеуіне және инфекцияларға бейімділіктің артуына әкелуі мүмкін.

       Қаназдықты анықтауда ең алдымен жалпы қан талдауы жүргізіледі. Зерттеу барысында гемоглобин (Hb), эритроциттер саны, гематокрит, эритроциттердің орташа көлемі (MCV) және олардың құрамындағы гемоглобиннің орташа мөлшері (MCH) бағаланады. Сонымен қатар ферритин көрсеткіші анықталады. Ол ағзадағы темір қорының деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда сарысулық темір, трансферрин, темір байланыстыру қабілеті, В12 дәрумені мен фолий қышқылы да тексеріледі.

       Ересек әйелдерде гемоглобин мөлшерінің 120 г/л-ден, ал ерлерде 130 г/л-ден төмен болуы анемияның белгісі саналады. Дегенмен бұл көрсеткіштерді бағалау кезінде адамның жасын, жүктілік жағдайын және өзге де физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет. Кейде гемоглобин қалыпты деңгейде болғанымен, ферритин мөлшері төмен болуы мүмкін. Бұл ағзадағы темір қорының азайғанын, яғни жасырын темір тапшылығын білдіреді.

       Қаназдықтың алдын алу үшін не істеу керек?

       Маманның пікірінше, анемияның алдын алуда дұрыс тамақтану мен қауіп факторларын дер кезінде ескеру маңызды. Күнделікті ас мәзірінде темірге бай тағамдар болғаны жөн. Олардың қатарына сиыр еті, бауыр, балық, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар, қарақұмық және жасыл жапырақты көкөністер жатады.

       Темірдің ағзаға сіңуіне С дәрумені де ықпал етеді. Сондықтан ет пен басқа да темірге бай тағамдарды лимон, апельсин, болгар бұрышы, қызанақ секілді өнімдермен бірге тұтынған пайдалы. Ал шай мен кофені тамақпен немесе темір препараттарымен қатар ішу ұсынылмайды. Себебі олардың құрамындағы кейбір заттар темірдің сіңуін төмендетуі мүмкін.

       Әсіресе жүкті әйелдер, балалар мен жасөспірімдер, етеккірі көп келетін әйелдер, созылмалы аурулары бар және қан жоғалту қаупі жоғары адамдар медициналық тексеруден уақытылы өтіп тұрғаны дұрыс. Өз бетінше темір препараттарын қабылдау да қауіпті. Өйткені анемияның барлық түрі темір тапшылығынан туындамайды. Емдеу тәсілі оның нақты себебі анықталғаннан кейін ғана дәрігердің кеңесімен белгіленуі керек.

       Анемияны жай ғана шаршау деп қабылдап, уақыт өткізіп алу ағзадағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан ұзақ уақыт бойы әлсіздік сезіліп, бас айналу, терінің бозаруы немесе ентігу байқалса, дәрігерге қаралған жөн. Жалпы қан талдауы мен ферритин деңгейін тексеру – мәселенің мәнін анықтауға бастайтын маңызды қадам.

       Жазира Зәкірқызы
       Ұлттық госпитальдің журналисі

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз