Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады
Дене белсенділігі – салауатты өмір салтын қалыптастырудың және көптеген созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алудың маңызды факторларының бірі. Қозғалыстың жеткіліксіздігі жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының, 2-типті қант диабетінің, семіздіктің және тірек-қимыл аппараты ауруларының даму қаупін арттырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, ересек адамдар аптасына кемінде 150–300 минут орташа қарқынды дене белсенділігімен немесе 75–150 минут жоғары қарқынды дене жаттығуларымен айналысуы қажет. Сонымен қатар аптасына кемінде екі рет негізгі бұлшықет топтарын нығайтатын жаттығулар орындау ұсынылады.
Дене белсенділігінің денсаулыққа пайдасы
Тұрақты дене белсенділігі:
- жүрек пен қан тамырларының жұмысын жақсартады;
- қан қысымы мен қандағы қант деңгейін қалыпты ұстауға көмектеседі;
- артық салмақ пен семіздіктің алдын алады;
- зат алмасу үдерістерін жақсартады;
- бұлшықеттер мен сүйектерді нығайтады;
- күйзелісті азайтып, көңіл күй мен ұйқы сапасын жақсартады;
- жалпы жұмыс қабілеттілігі мен өмір сапасын арттырады.
Күнделікті өмірде қозғалысты қалай арттыруға болады?
Дене белсенділігін арттыру үшін міндетті түрде спортзалға бару қажет емес. Күнделікті қарапайым әдеттер де денсаулыққа оң әсер етеді.
Мысалы:
- күн сайын таза ауада жаяу серуендеу;
- мүмкіндік болса, лифт орнына баспалдақпен көтерілу;
- жұмыс барысында ұзақ уақыт бір орында отырмай, үзіліс кезінде қозғалу;
- таңертең жеңіл дене жаттығуларын жасау;
- велосипед тебу, жүзу, би билеу немесе басқа да белсенді демалыс түрлерімен айналысу;
- бос уақытты теледидар немесе телефон алдында өткізуді азайту.
Дене белсенділігін арттыруды адамның жасына, денсаулық жағдайына және физикалық мүмкіндіктеріне қарай бастаған дұрыс. Әсіресе ұзақ уақыт бойы спортпен айналыспаған адамдарға жаттығу қарқынын біртіндеп көбейту ұсынылады.
Тұрақты қозғалыс – денсаулықты сақтаудың қолжетімді әрі тиімді жолы. Ең бастысы – белсенділікті күнделікті өмір салтына айналдыру.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды дене белсенділігін арттыруға, салауатты өмір салтын ұстануға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Мақала авторы - Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қалықова Әсель Тоқанқызы