Витилиго: терідегі ақ дақтың ар жағында қандай мәселе бар?

Витилиго: терідегі ақ дақтың ар жағында қандай мәселе бар?

фото: onclinic.ua

       Адамның сыртқы келбетіндегі кейбір өзгерістер денсаулығына қатысты маңызды белгі болуы мүмкін. Соның бірі – витилиго. Бұл дерт кезінде терінің белгілі бір бөліктері өз түсін жоғалтып, денеде ақ дақтар пайда болады. Көпшілік мұны тек косметикалық мәселе ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда витилиго – иммундық жүйенің жұмысына байланысты дамитын созылмалы ауру.

       Мамандардың түсіндіруінше, ауру кезінде ағзаның иммундық жүйесі теріге табиғи түс беретін пигмент жасушаларына қате бағытта әсер етеді. Соның нәтижесінде меланин өндіру үдерісі бұзылып, терінің кейбір аймақтары ағара бастайды. Дақтар дененің әртүрлі бөлігінде кездесуі мүмкін. Әсіресе сегменттік емес витилиго кезінде өзгерістер дененің екі жағында қатар байқалады. Бұл – аурудың кең таралған түрлерінің бірі.

       Витилиго адамның өміріне тікелей қауіп төндірмегенімен, оның психологиялық жай-күйіне салмақ түсіруі мүмкін. Терідегі өзгерістер кейбір адамдардың өзіне деген сенімін төмендетіп, қоғаммен қарым-қатынасына әсер етеді. Дүниежүзілік деңгейде бұл дерт халықтың шамамен 1–2 пайызында кездеседі. Науқастардың едәуір бөлігінде алғашқы белгілер жиырма жасқа дейін пайда болады. Сондықтан терідегі түс өзгерістерін елеусіз қалдырмай, дер кезінде дерматологқа қаралған маңызды.

       Витилигоны емдеу бағытында халықаралық медицинада жаңа мүмкіндіктер де қарастырылып жатыр. Жуырда Біріккен Араб Әмірліктері осы аурудың сегменттік емес түріне арналған жаңа препаратты мақұлдаған алғашқы мемлекет атанды. Дәріні қолдану Дубайда өткен халықаралық дерматология конференциясы аясында басталған. Препарат дәрігердің рецептімен беріледі, ал емдеу тәртібі мен ұзақтығын маман белгілейді. Қазақстанда соңғы алты жылда витилигоның тіркелу жиілігі шамамен 1,2 есеге төмендегенімен, жыл сайын 15 мыңнан астам адам осы диагноз бойынша дерматолог көмегіне жүгінеді. Бұл дертке қатысты медициналық сауаттылықты арттырудың және емдеудің заманауи тәсілдерін қолжетімді етудің маңызын көрсетеді.

 

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз