Күн қысқарғанда көңіл күй неге өзгереді?

Күн қысқарғанда көңіл күй неге өзгереді?

фото: https://shedevrum.ai

       Күздің бір ерекшелігі бар: табиғаттың түсі өзгерген сайын адамның да көңіл күйі құбылып кететіндей. Таңертең тұру қиындап, ұйқы қанбай, күндіз әлсіздік басуы мүмкін. Кейде тіпті бұрын қызығып жүрген дүниелерге көңіл бөлудің өзі ауыр сезіледі.

       Бірақ осының бәрін бірден депрессияға балауға бола ма? Әлде бұл – ағзаның күзгі ырғаққа бейімделу кезеңі ме?

       Психологтардың пікірінше, екі жағдайдың ара-жігін ажырату маңызды. Өйткені маусымдық көңілсіздік көбіне уақытша сипатта болады. Күннің қысқаруы мен жарықтың азаюы, қимыл-қозғалыстың төмендеуі адамның сергектігіне әсер етіп, ұйқышылдық пен енжарлық туғызуы мүмкін. Дегенмен адам күнделікті жұмысын, оқуын немесе тұрмысын жалғастыра алады.

       Ал көңіл күйдің төмендеуі ұзақ уақыт бойы басылмай, адамның қалыпты өміріне кедергі келтіре бастаса, мәселенің мәні басқа болуы ықтимал. Бұрын қуаныш сыйлаған дүниелер қызықсыз болып, ұйқы мен тәбет өзгерсе, адам өзін дәрменсіз немесе үнемі кінәлі сезінсе, мұндай белгілерге немқұрайлы қарамаған жөн.

       Яғни басты мәселе – көңілсіздіктің болған-болмағанында емес, оның қанша уақытқа созылып, адамның өміріне қаншалықты ықпал еткенінде.

       Көңіл күйді киімнің түсімен өзгертуге бола ма?

       Күз туралы сөз болғанда киім мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жаздағы ашық түстердің орнына гардеробта қара, сұр, қоңыр реңктер көбейетіні белгілі. Мұның адамның көңіл күйіне әсері бар ма?

       Психологтар түстердің эмоцияға белгілі бір ықпалы болуы мүмкін екенін айтады. Мысалы, сары немесе қызыл түстер кей адамға сергектік берсе, көк реңктер тыныштық сезімін тудыруы мүмкін. Бірақ мұнда әмбебап формула жоқ.

       Себебі адамның түсті қабылдауы оның жеке талғамына, көңіл күйіне, тіпті сол түспен байланысты естеліктеріне дейін тәуелді.

       Сондықтан көңілсіз күндері бірден бүкіл гардеробты ауыстырудың қажеті жоқ. Көңіліңізге жақын ашық түсті шарф, орамал немесе сөмке тағудың өзі күнделікті образға өзгеріс енгізуі мүмкін.

       Әрине, мұны депрессиядан арылудың тәсілі деп қабылдауға болмайды. Бірақ адамның өзін қоршаған ортасын жағымды етуі көңіл күйге оң әсер ететін қосымша фактор болуы мүмкін.

       «Күз келді, дәрумен ішу керек» деген қаншалықты дұрыс?

       Күзде шаршау күшейгенде көпшіліктің ойына бірінші келетіні – дәрумен. Дәріхана сөресіндегі қоспалардың түрі де аз емес. Алайда мамандардың айтуынша, кез келген әлсіздікті дәрумен тапшылығымен байланыстыру дұрыс емес.

       Эндокринолог Гүлжан Аманбайдың түсіндіруінше, ағзада белгілі бір дәруменнің немесе микроэлементтің жетіспейтінін нақты анықтау үшін тиісті тексеру қажет. Әсіресе майда еритін A, D, E және K дәрумендерін бақылаусыз қабылдау артық мөлшердің жиналуына әкелуі мүмкін.

       Демек, «күз болды – дәрумен қабылдау керек» деген қағида денсаулыққа қатысты әмбебап ереже емес. Қандай да бір препарат қажет болса, оны талдау нәтижесі мен дәрігер кеңесіне сүйеніп таңдаған дұрыс.

       Күзде ағзаға шын мәнінде не керек?

       Кейде ағзаға күрделі емнен бұрын қарапайым тәртіп жетіспей жатады. Ұйқының тұрақты болуы, дұрыс тамақтану, қозғалыс және таза ауа – күзде де маңызын жоғалтпайтын әдеттер.

       Көкөніс пен жеміс-жидек, ет, балық, сүт өнімдері бар құнарлы ас мәзірі ағзаның қажетті қоректік заттарды алуына көмектеседі. Ал күн сайын таза ауада серуендеу мен қимыл-қозғалыс адамның жалпы сергектігін арттыруы мүмкін.

       Тағы бір маңызды нәрсе – өз көңіл күйіңіздің өзгерісін елемей қоймау.

       Кей күндері шаршау немесе көңілсіздік – қалыпты. Адамға демалыс, ұйқы немесе сүйікті ісіне уақыт бөлу жеткілікті болуы мүмкін. Ал егер бұл жағдай ұзаққа созылып, жұмысқа, қарым-қатынасқа, күнделікті тіршілікке араласа бастаса, мәселені кейінге қалдырмаған жөн.

       Күздің сұрғылт реңі адамның көңіліне де әсер етуі мүмкін. Бірақ көңіл күйдің әр өзгерісін ауру деп қабылдау да, маңызды белгілерді елемеу де дұрыс емес. Ең маңыздысы – өзіңіздің жағдайыңызға уақытында назар аударып, қажет кезде маман көмегіне жүгіну.

       https://kaz.inform.kz/

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз