Қатонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Ауқымды мәдени шараның шымылдығы Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді. Оған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен қатар, еліміздің өзге өңірлері мен шетелден келген 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы «24KZ» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен келушілердің қауіпсіздігін Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті қамтамасыз етті. Фестиваль күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқарып, адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздікке, жол қозғалысын ұйымдастыруға және көлік ағынын реттеуге басымдық берді.
Фестиваль аумағында жаяу және автопатрульдер, жол-патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ полицияның өзге де бөлімшелері жұмылдырылды. Қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде көлік қозғалысы кедергісіз ұйымдастырылып, ауқымды шара қауіпсіз өтті. Гала-концертте Димаш Құдайберген классикалық, эстрадалық және заманауи бағыттағы шығармаларды орындады.
Көрермендер «Olimpico», «Ave Maria», «Golden», «Smoke», «Weekend», «Ұмытылмас күн», «Махаббат бер маған» әндерін, сондай-ақ авторлық «Самал» композициясын тыңдады. Сонымен қатар қазақтың халық әні «Aqerke» алғаш рет заманауи өңдеуде орындалды.
Фестиваль қонақтары «Тау ішінде», «Дүрдараз», «Stranger» шығармаларын және рок стилінде орындалған «Адай» күйін де тамашалады. Димаш Құдайберген шығармашылық ұжымымен бірге қазақ халқының ұлттық болмысын, музыкалық мұрасын кеңінен таныстырды.
Биылғы халықаралық фестивальге әлемнің 30-ға жуық елінен делегациялар қатысты. Сондай-ақ Димаштың жанкүйерлері Индонезия, Өзбекстан, Әзербайжан, Чехия, Германия, Франция, Польша және басқа да мемлекеттерден арнайы келген.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, барлық қызметтің үйлесімді жұмысының арқасында ALTAI FEST халықаралық фестивалі оқыс оқиғасыз аяқталды.
Ақпарат 24.kz сайтынан алынды.