Ирак билігі Тунис жерінде 35 жылдан бері тұрған екі алып жолаушылар ұшағын сатуға шығарды. Екеуінің жалпы бағасы – 1,8 миллион доллар. Бір қызығы, олардың бірі кезінде Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейнге арналған, деп хабарлайды BILD басылымы.
Ұшақтар 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыс кезінде қауіпсіз жерге жеткізу мақсатында Ирактан Туниске көшірілген. Алайда содан бері елге қайтарылмаған. Сатылымға қойылған алғашқы ұшақ – 1982 жылы жасалған Boeing 747SP. Ол қарапайым жолаушылар ұшағынан өзгеше, үкімет басшыларының сапарына арналып жабдықталған. Ішінде демалатын бөлме, келіссөз өткізуге арналған зал және ұйықтауға қолайлы орындар бар.
«Әл-Кадисия» деп аталатын бұл ұшақ 1991 жылдан бері Тунистің Тозер-Нефта әуежайында тұр. Оның Саддам Хусейнге тиесілі болғаны ресми түрде расталмаған. Дегенмен ұшақтың ішкі жабдықтары мен тарихи суреттер оның Ирак басшысының сапарларына пайдаланылғанын аңғартады. Мәселен, 1983 жылы Лондонда өткен келіссөздер кезінде және 1986 жылы Мәскеуге барған сапарында Саддам Хусейн осы ұшақтың жанында суретке түскен.
Ал екінші ұшақ – Boeing 747-200. Ол 330 жолаушыға арналған және бұрын жолаушылар мен жүк тасымалына пайдаланылған. Екі әуе кемесі де қазіргі жағдайында, ешқандай кепілдіксіз сатылады. Яғни сатып алушы оларды тасымалдау, кедендік рәсімдеу және салық төлеу шығындарын өзі көтеруі тиіс. Әзірге ұшақтардың қайтадан әуеге көтерілуге жарамды-жарамсыз екені белгісіз. Тунис ақпарат құралдары олардың ұшуға жарамсыз екенін жазып отыр.
Бұл ұшақтарды сату бұған дейін де бірнеше рет қолға алынғанымен, нәтиже болмаған. Тіпті Ирак билігі оларды әуежайда сақтауға қомақты қаржы жұмсаған. 2020 жылы жиналып қалған тұрақ ақысы бойынша шамамен 5,4 миллион доллар қарыз өтелген. Егер 2027 жылдың қаңтарына дейін сатып алушы табылмаса, ұшақтарды бөлшектеп, металл сынығы ретінде өткізу мәселесі қарастырылуы мүмкін.
https://kaz.inform.kz/