Теңгенің бірнеше ай бойы нығаюынан кейін доллар қайта қымбаттай бастады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл немен байланысты екенін түсіндірді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Журналистер Ұлттық банк басшысынан биылғы жазда америкалық валюта бағамы қалай өзгеретінін сұрады. Сүлейменовтің айтуынша, валюта нарығындағы қазіргі жағдай таңғаларлық емес.
"Меніңше, бұл жағдайға аса таңғалудың қажеті жоқ. Бізде долларына 500 теңге шамасындағы бағам мұнай бағасы барреліне 65–70 доллар деңгейінде болған кезде тіркелген еді. Негізгі экспорттық тауарымыз мұнайдың құны екі есеге жуық өскенде, валюталық түсім де артады. Теңге бағамының нығаятыны анық", - деп түсіндірді ол.
Ұлттық банк басшысы бағамға валюта ұсынысы ғана емес, сұраныс та әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, сұраныс көбіне инвестициялық жобалардың, сондай-ақ корпоративтік, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектор бағдарламаларының іске асырылуымен айқындалады.
"Мұнда маусымдық фактор бар: әдетте жыл басында сұраныс аз болады, ал жыл ортасы мен соңында артады. Біз дәл осы маусымдықты көріп отырмыз", - деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы бағамның өзгеруі нарықтық процесс екенін айтты.
"Доллардың әлсіреу, одан кейін біршама нығаю бағытындағы қозғалысы жүйелі құбылыс және ол нарық заңдылығымен айқындалады", - деп түйіндеді ол.
АҚШ доллары бағамының құбылуына мұнай құныа да әсер етіп отыр. Осыған байланысты Ұлттық банкі Brent маркалы мұнай бағасына қатысты болжамын қайта қарады. Шикізат бағасы биылғы жылдың соңына дейін бұрын болжанғаннан жоғары деңгейде қалатын түрі бар.
Тиісті болжам Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша шешім қорытындысы туралы хабарламасында көрсетілген.
Реттеуші мәліметтеріне сәйкес, жаңартылған базалық сценарий аясында 2026 жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде болады деп болжанады.
Ұлттық банк мұнай бағасының мұндай динамикасы Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің әсерінен қалыптасып отырғанын атап өтті.
Бұл ретте ұзақ мерзімді перспективада мұнай құны біртіндеп төмендейді деп күтіледі. Болжам бойынша 2027 жылы Brent бағасы шамамен 75 долларды құрап, 2028 жылы 65 долларға дейін төмендейді.
Материал kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды.