Нысан 2029 жылға дейін пайдалануға берілмек.
Қарағанды облысында ірі жел электр станциясы салынады. Бұл туралы Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Тұрар Әлімжан айтты.
"Қарағанды облысында қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясы салынады. Жоба қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып, 2029 жылға дейін аяқталмақ", – деді Тұрар Әлімжан елордада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит кулуарында.
Спикердің сөзінше, Павлодар облысында халықаралық келісімдер аясында қуаты 1 ГВт болатын ірі жел электр станциясын салу мүмкіндігі пысықталып жатыр. Бұл станциялар қанша тұтынушыны электр энергиясымен қамтитынын нақты есептеу қиын, себебі өндіріс көлемі желдің жылдамдығы мен ауа райына тікелей байланысты.
Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директорының дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдегі энергия теңгерімінде жасыл энергетиканың үлесі 7,7 пайызға жуықтаған.
2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайызға жетуі мүмкін. Тұрар Әлімжан осы бағытта бірқатар жобалар қолға алынғанын айтты.
https://inbusiness.kz/kz