Алматыда гастрономия көшесі пайда болуы мүмкін

Алматыда гастрономия көшесі пайда болуы мүмкін
фото: pixabay.com

Алматыда гастрономия көшесі пайда болмақ. Жергілікті атқамінерлер Құрманғазы көшесінің бір бөлігін тамақтану орындары шоғырланған арнайы аймаққа айналдыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сільеме жасап хабарлайды.  

Алайда бұл бастамаға қатысты тұрғындардың пікірі екіге бөлінді. Әсіресе сол маңайдағы тұрғындар қаптаған мейрамханаға келушілер тынышымызды қашырады деп алаңдайды.

Құрманғазы көшесі жақын арада жаңа кейіпке енуі мүмкін.

 Абылай ханнан Достық даңғылына дейінгі аралық гастрономия көшесіне айналмақ. Жоба аясында мұнда дәмхана мен мейрамханалар көбейіп, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру көзделген. Бұған қатысты тұрғындардың көзқарасы әртүрлі.

 Ерлан Ұлан: – Менің ойымша, бұл жақсы ұсыныс. Себебі, қазір Алматыға жастар көп келіп жатыр. Жастар жүретін жерге жаңа жер керек. Өйткені «Арбат», басқа да сауда және көңіл көтеру орындары қызық емес деп ойлаймын. Жаңаландырған да жақсы. 

Фото: pixabay.com.

Айдос Әділжанов: – Кептеліс көп болады деп ойлаймын. Мен қарсымын. Кафе, мейрамхана салынып жатса, ағаштарды кесіп тастауы мүмкін деген сияқты. Алматымыздың көктеп, жайнап тұрғаны жақсы. 

Ал мейрамхана иелері бұл бастаманы қолдайды. Айтуларынша, мұндай көше әлемнің көптеген қаласында бар. Бұл — кәсіпті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

 Рауғаш Қасымова, мейрамхана иесі: — Қолдаймыз. Менің ойымша, бұл турист тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бизнес те дамиды. Мейрамханалар желісі кеңейіп, бәсекелестік артады деп ойлаймын. Нәтижесінде қонақтар ағыны көбейеді.

 Атқамінерлердің айтуынша, жоба қаланың Орталық Азиядағы мәртебесін арттыруға бағытталған. Аумақта мейрамханалармен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар, демалыс орындары салынып, абаттандыру жүргізіледі. Ал бұрыннан жұмыс істеп тұрған дәмханалар жаңартылып, жөндеуден өткізіледі. 

Ерлан Омаров, Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары: — Өзімізге де, шетелден келетін туристерге де қолайлы жағдай құру үшін гастрокөше құрылады. Бірінші кезекте тротуарлар кеңейтіледі. Соның есебінен жазғы алаңдар жасалынады. Көлік тұрақтары, машина жүруіне ешқандай кедергі болмайды. 

Қазір жоба талқыланып жатыр. Оның нақты қашан іске асырылатыны және қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз. Жауаптылар тұрғындардың пікірі ескеріледі деп сендірді.