фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/PanuwatDangsungnoen
Бауырды май басу (майлы гепатоз, стеатоз, стеатогепатоз) – қазіргі таңда созылмалы бауыр ауруларының ішінде ең жиі кездесетін түрлерінің бірі. Соған қарамастан, бұл ауру жөнінде халық арасында мәлімет аз. Осы тақырыпта Ұлттық госпитальдің тәжірибелі дәрігері Жанат Әдібай бауырды май басудың себептері, даму кезеңдері мен алдын алу жолдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Маманның айтуынша, бауырды май басу бауыр жасушаларында артық майдың жиналуынан дамиды. Қалыпты жағдайда бауырда май өте аз мөлшерде болады. Егер оның көлемі орган салмағының 5–15 пайызына жетсе, бұл патология ретінде қарастырылады. Ауру көбінесе 40–50 жастан асқан адамдарда анықталса да, соңғы жылдары жастар мен балалар арасында да жиілеп келеді.
Бауырды май басудың басты ерекшелігі – ұзақ уақыт бойы ешбір белгі бермей дамуы. Осы «үнсіз» кезеңде бауырда май жиналып, біртіндеп қабынуға, фиброзға, циррозға, тіпті бауыр ісігінің дамуына дейін алып келуі мүмкін. Сондықтан аурудың жасырын түрде дамуы оның ең қауіпті тұсы болып саналады.
Аурудың негізгі қауіп факторларына жоғары калориялы тағамдарды жиі тұтыну, алкогольді шамадан тыс қолдану, тәтті және қантты тағамдарға әуестік жатады. Сонымен қатар, артық салмақ, семіздік, диабет алды жағдайы мен II типті қант диабеті, өт тас ауруы да бауырды май басудың дамуына тікелей әсер етеді. Себептеріне байланысты бұл дерт алкогольдік емес майлы бауыр ауруы (NAFLD/MASLD) және алкогольдік бауыр ауруы (ALD) болып бөлінеді.
Дерт бірнеше кезең арқылы дамиды. Алғашқы кезең – стеатоз, бұл кезде бауыр жасушаларында май жиналады. Келесі кезең – стеатогепатит, мұнда жиналған май бауыр жасушаларының қабынуы мен бұзылуына әкеледі. Үшінші кезең – фиброз, яғни созылмалы қабынудың салдарынан бауырда тыртық тіндер пайда болады. Соңғы әрі ең ауыр сатысы – цирроз, бұл кезде бауыр жасушалары өліп, олардың орнын тыртық тіндер басады. Аурудың ақырғы нәтижесі бауыр жеткіліксіздігі немесе бауыр қатерлі ісігі болуы мүмкін.
Бауырды май басу баяу дамығанымен, уақытында анықталса, емдеуге және толық қалпына келтіруге болады. Алайда кейбір жағдайларда, әсіресе фиброз сатысында анықталған науқастарда ауру өте жылдам асқынады. Бұл дерттің қауіптілігі тек бауыр асқынуларымен шектелмей, жүрек-қан тамырлары аурулары мен әртүрлі қатерлі ісіктердің даму қаупін арттырады. Мұның барлығы көбіне семіздікпен байланысты ортақ механизмдерге негізделеді.
Аурудың алғашқы белгілері көбіне гепатит сатысында байқалады. Науқастардың басым бөлігі әлсіздікке, тез шаршауға, оң жақ қабырға астындағы ауырлық пен ыңғайсыздыққа шағымданады. Сонымен қатар іш кебу, ас қорыту бұзылыстары, майлы тағамдар мен алкогольге төзімсіздік байқалады. Ауру асқынған сайын сарғаю, жүрек айну, құсу, салмақ жоғалту, іштің және аяқ-қолдың ісінуі, асцит, қан кетуге бейімділік сияқты ауыр белгілер пайда болады.
Диагноз қоюдың ең қолжетімді әдісі – бауырдың ультрадыбыстық зерттеуі. Қауіп тобына кіретін адамдарға жылына кемінде бір рет тексеруден өту ұсынылады. Сонымен қатар қанның биохимиялық талдауы, эластометрия, ал қажет болған жағдайда бауыр биопсиясы жүргізіледі.
Емдеудің негізгі бағыты – өмір салтын түбегейлі өзгерту. Дәрігерлер қатаң диетаны ұстануды, қант мөлшері жоғары тағамдар мен сусындарды шектеуді және алкогольден толық бас тартуды ұсынады. Артық салмақты азайту, тұрақты аэробты және күш жаттығулары бауырдағы май мөлшерін төмендетуге көмектеседі. Дәрілік ем әр науқасқа жеке, гастроэнтеролог немесе гепатологтың бақылауымен тағайындалады.
Мамандардың айтуынша, бауырды май басудан сақтанудың ең тиімді жолы – дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұру.
Ұлттық госпитальдің журналисі – Жазира Зәкірқызы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через