Көптеген нәрестенің кіндік анасымын…

Көптеген нәрестенің кіндік анасымын…

фото: Ұлттық госпиталь

       Медицина саласында табан аудармай еңбек етіп, мыңдаған адамның алғысына бөленген мамандардың бірі – Шолпан Олжабайқызы Салибекова. Ол өмірінің қырық жылын денсаулық сақтау саласына арнап, кәсіби шеберлігімен, адамгершілік қасиетімен әріптестерінің құрметіне ие болған жан.

       Шолпан Олжабайқызы Алматы қаласындағы медициналық училищені 1985 жылы тәмамдап, еңбек жолын №5 перзентханада акушер ретінде бастады. Бала күнінен дәрігер болуды армандаған ол адамдарға көмектесуді өмірлік мақсатына айналдырған.

– Бала кезімде ауырған адамдарды көрсем, оларға ине салып, тезірек жазылып кетсе екен деп ойлайтынмын. Медициналық училищеде акушер мамандығын меңгердім. Кейін Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылында қызмет етіп, көптеген сәбидің дүниеге келуіне себепкер болдым. Кейде шалғайдағы шопандар ауылына барып, толғағы қысқан аналарды босандыратынбыз. Осындай сәттер маған үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді, – дейді ол.

       Кейіпкеріміз еңбек жолының әр кезеңінде білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыруды назардан тыс қалдырмаған. 2009 жылы Шымкент қаласындағы медициналық апаттар теміржол госпиталінде қызмет атқарып, қосымша мейірбике мамандығын игерді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар комитеті жүйесінде ұзақ жылдар бойы мінсіз еңбек етіп, ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгімен марапатталған.

       Маманның айтуынша, медицина қызметкері үшін ең басты қасиеттер – сабырлылық, ұстамдылық және әр науқасқа жауапкершілікпен қарау.

       Пандемия кезеңі де Шолпан Олжабайқызы үшін үлкен сынақ болды. Елді алаңдатқан індет өршіген шақта ол әріптестерімен бірге алдыңғы шепте жүріп, науқастардың өмірін сақтап қалуға күш салды.

– Қауіп-қатерге қарамастан арнайы қорғаныш киімдерін киіп, күн сайын ауыр хәлдегі науқастарға көмек көрсеттік. Бір науқастың өкпесі 96 пайызға дейін зақымданған еді. Біздің бригада дәрігер М. Таныбековамен және ЛФК дәрігері А. Сарыбайқызымен бірге аянбай еңбек етті. Нәтижесінде науқас аман қалып, бүгінде өз қызметін жалғастырып жүр. Ол күндер ешқашан есімнен кетпейді, – деп еске алады ардагер мейірбике.

Әріптестері де оның кәсіби және адами қасиеттерін ерекше бағалайды.

Терапевт дәрігер Әлия Амангелдіқызының айтуынша, Шолпан Олжабайқызы – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман.

– Ол кісі артық сөзге бармайтын, сабырлы әрі салмақты жан. Жұмысына өте мұқият қарайды. Мұндай қасиеттер медицина қызметкері үшін аса маңызды. Зейнеткерлікке шығуына байланысты өзіне зор денсаулық, отбасына амандық пен бақ-береке тілеймін, – дейді әріптесі.

Еңбек жолының соңғы жылдарын Ұлттық госпитальде өткізген Шолпан Олжабайқызы бұл ұжымның өз өмірінде ерекше орын алатынын айтады.

– Ұлттық госпитальде қызмет еткен жылдарым мен үшін өте қымбат. Осы жерде көптеген білікті мамандармен танысып, бір отбасының мүшесіндей болып кеттік. Әрдайым қолдау көрсеткен басшылыққа, әріптестеріме және Шолпан Аюповаға шынайы алғысымды білдіремін. Барша әріптестерімді әрдайым жылы сезіммен еске аламын, – дейді ол.

Қырық жылдық ғұмырын адам денсаулығына арнаған Шолпан Салибекова – кәсібіне адалдықтың, мейірім мен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мыңдаған сәбидің өмірге келуіне қолғабыс етіп, талай жанның сауығып кетуіне үлес қосқан маманның еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Жазира Зәкірқызы
Ұлттық госпитальдің журналисі

Жазылу