Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің қашан ашылатыны белгілі болды

Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің қашан ашылатыны белгілі болды

фото: Pexels.com

Алматыда «Қалқаман» метро бекетін ашу мерзімі өзгерді.

Алматы метрополитені «Қалқаман» метро бекетінің жолаушылар үшін 2026 жылдың желтоқсан айында ашылатынын хабарлады, деп жазды ҚазАқпарат агенттігі.

Бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапасы мен белгіленген мерзімді қатаң сақтау қажет екенін айтқан еді. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартысына дейін аяқтау жоспарланған болатын.

Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің ашылуы кейінге шегерілді

Видеодан алынған кадр

Метрополитен таратқан мәліметте бекетте заманауи дизайн, кең платформа және қолайлы инфрақұрылым қарастырылғаны айтылған.

— Қалқаман бекеті 2026 жылдың желтоқсан айында ашылады деп жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» бекетінің жобасы 2020 жылы қолға алынды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталды.

Бұған дейін бекет құрылысымен айналысып жатқан компания қаржыландыру бірқалыпты бөлінбегендіктен, жұмыс қарқыны төмен болғанын мәлімдеді: 2020 жылы — 190 млн теңге, 2021 жылы — 600 млн, 2022 жылы — мүлдем қаржы бөлінбеген. Негізгі қаржы 2023 жылдан бастап түсе бастаған: 9,2 млрд (2023), 2,3 млрд (2024), 28 млрд (2025), ал 2026 жылы тағы 17 млрд теңге қарастырылды.

Негізі станцияны бастапқыда 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Оның іске қосылуы тәулігіне жолаушы санын 20 мың адамға арттырады деп жоспарланған. Алайда кейін мерзім 2026 жылға шегерілді.

Жазылу