Қазақ ғалымдары малдың жаңа түрін ойлап тапты

Қазақ ғалымдары малдың жаңа түрін ойлап тапты
фото: inbusiness.kz

Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары көп көлемде сүт – саумал мен шұбат беретін түйенің жаңа түрін шығарды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ-ының дерегінше, бұл отандық зерттеушілердің ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Осы бағыттағы зерттеулер өткен ғасыр аяқталып қалған тұста басталған екен.

Жаңа түйе – Ойсылқара түлегінің "Отырарлық аруана тұқымды жаңа зауыттық типі" деп аталыпты. Ол нар, яғни, бір өркешті түйе болып келеді.

"Аруана (орысша – "Арвана") тұқымының отырарлық түйелерінің зауыттық жаңа типін шығарудың тарихы сонау 2000 жылы басталды. Негізгі мақсат – түйелердің сүтті түрін құру болды. Осы мақсатта ғалымдар малдың осы түрі өсірілетін өңірлерді біраз жыл аралап, ондаған мың аруаналар (түйенің ұрғашысы) арасынан ең көп сүт беретіндерін таңдап, сатып алды. Оларды будандастыру, жоғары сапалы ұрық алу үшін асыл тұқымды үлектер (түйенің еркегі) мақсатты түрде іріктелді", – деп хабарлаған болатын орталық мамандары.

Түйенің жаңа түрін шығару негізінен Түркістан облысының Отырар ауданындағы шаруа қожалығы базасында жүзеге асырылған.

Ғалымдардың мәліметінше, жаңадан жасалған түрі қазіргі кезде нарықта аса қымбатқа бағаланатын саумал мен шұбаттың шикізатын – түйе сүтін өзге тұқымдастарына қарағанда әлдеқайда көп өндіреді.

Бір ғана аруана ботасын емізетін алғашқы 12 айында, яғни, бір жыл ішінде орта есеппен 2 тоннадан көп сүт береді. Ең үздіктері рекорд орнатқан – сүтінің көлемі 2,6 тоннадан асып кетіпті.

Сүтінің майлылығы да стандарттан елеулі жоғары – 3,8%-дан 4,1%-ға дейін жетеді. Қазақстандық жаңа түйелер, сондай-ақ жүн мен түбітті де тұрақты түрде "өндіреді". Тайлақтары (1 жастан асқаны) және наршалары (3 жасар түйе) өркештеріне құнарлы әрі аса пайдалы майды молынан жинайтын болып шықты. Не дейсіз, мал емес, нағыз "төрт аяқты" шағын кәсіпорын!

Ғалымдарымыздың жетістігі ауыл кәсібіне қаржы құятын инвесторлардың делебесін қоздырып, түйе шаруашылығын дамытуға инвестиция салуға ынталандырып отыр. 

Ұлттық статистика бюросы да тамсантатын жаңалығын бөлісті. 

Қазіргі кезде түйе – санының өсу қарқыны жөнінен алдына тек жылқыны жіберген төрт түлік түрі.

Мысалы, статорганның хабарлауынша, еті күн сайын қымбаттаған ірі қара малдың (сиыр мен бұқаның) саны 2025 жылдың басынан бері небары 1,1%-ға көбейген: 2024 жылғы 8 млн 395,7 мыңнан 8 млн 490,7 мыңға дейін ғана.

Сала лидері – жылқы саны жыл басынан бері бірден 6,4% артып, 1,5 миллионнан асты. Ал, түйе саны 4,5%-ға өсіп, 300 мыңға жетті.

Кеңес заманының идеологтары "қазақ халқының ұлттық болмысымен тікелей байланысы" бар деп, Ойсылқара мен Қамбат ата түлектеріне қырғидай тиді, бұл шаруашылықтардың дамуын шектеді. Салдарынан, Qmonitor порталының дерегінше, Қазақстандағы түйелердің саны ХІХ ғасырдағы 1,3 миллионнан 1933 жылға қарай 20 есеге, 63 мыңға дейін азайып кетті.

Түйе жойылудың аз-ақ алдында тұрды. Қазақ балаларының өзі оны тек кітаптағы суреттен көретін болды. Тоталитарлық режимнің қысымы әлсіреген ХХ ғасыр соңына қарай ғана түйе саны шамалы өсе бастады.

1991 жылы қазақ елі Тәуелсіздік алғанда, түйе саны 142,5 мыңға жеткен. Енді бағзы заманнан қазақпен бірге жасаған, Қорқыт бабаға ең жүйрік көлік болған бұл жануардың саны азаттықтың 34-ші белесінде, биыл 90-шы жылдардағыдан екі еседен көп межені бағындырып отыр.

Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың өзі "Ауыл" фракциясының сұрауымен, түйе шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты ахуалмен депутаттарды егжей-тегжейлі таныстырып, ақпарат берді.

"Үкімет мал шаруашылығы саласын, соның ішінде түйе шаруашылығын дамыту, мал басын көбейту, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және өнімді тиімді өткізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Осы саланы ынталандыру мақсатында "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының" аясында мемлекеттік қолдау шаралары көзделді. Соның ішінде асыл тұқымды аталық түйе сатып алуды субсидиялау қарастырылған", – деді Премьер-министр.

Оның хабарлауынша, асыл тұқымды жануарлар құнының өсуіне байланысты түйе төлін сатып алуға арналған субсидия мөлшерін бір басқа 100 мың теңгеден 175 мың теңгеге дейін екі есеге жуық арттыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Бұдан басқа, түйе сүтін өндіру мен қайта өңдеуді субсидиялау жүзеге асырылып жатыр. Оның нормативі биылғы жылдың маусым айында 1 келісіне 55 теңгеден 190 теңгеге дейін күрт ұлғайтылды. Бұл да бизнес пен инвесторларды түйе өсіруге жапатармағай жүгіруге ықпал еткен.

Материал inbusiness.kz сайтынан алынды.