Елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж 4 мыңнан астам адам бар

Елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж 4 мыңнан астам адам бар
фото: pixabay.com

Бүгінде Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж 4 мыңнан астам адам бар. Кезегін күткендер арасында жыл сайын 300 адам өмірден өтеді. 

Мамандардың пікірінше, мәйіттік трансплантацияны дамыту – өзгенің өмірін сақтайтын қадам. Алайда қоғамдағы стереотиптер, сенімсіздік пен ақпарат жетіспеушілігі оны тежеп отыр. Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге мәселені зерттеді.

Туысының келісімі жағдайды тұралатады

Статистика бойынша Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж 4 521 азамат бар, оның 106-сы – балалар. Азаматтардың басым көпшілігіне бүйрек трансплантациясы қажет.

Фото: Kazinform

– Донорлар мен реципиенттер есепке алынып, деректер базасы тұрақты жаңартылады. Бізде есепке алу медициналық ақпараттық жүйесі қалыптасқан, барлық дерек электронды форматта қолжетімді. Бұл өңірлердегі дәрігерлердің жедел әрекет етуіне сеп. Соңғы 12 жылда елде шамамен 3200-ден астам ағза ауыстыру отасы жасалды. Бірақ олардың көбі тірі донорлардың есебінен жүзеге асты, – дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.

Маман әр ағзаның ишемия мерзімін атап өтті.

– Мысалы, жүрек пен бауыр 4-5 сағат ішінде, бүйрек 8-10 сағат ішінде алынуы тиіс. Уақыт тығыз, әр сағат, әр минут есептеулі. Донорлық процесс кезінде медициналық авиация, ең тиімді құрал-жабдық пен техника қолданылады. Процесс басталғанда 50-70 маман қатысады және тиімді ұйымдастыру трансплантация координаторының жұмысына тікелей байланысты, – деп түсіндірді ол.

Бірнеше жыл бұрын e-gov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім беру жүйесі енгізілген.

Фото: Kazinform

Маман жүйенің нәтижесі туралы былай дейді:

– Бүгінде e-gov порталында қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім берген қазақстандықтардың саны 7 357-ге жетті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, донор болуға келісім берген адамдар көз жұмса, оның ағзасын алу үшін туыстарының келісімі қажет болады. Туыстары келісім бермесе, марқұмның көзі тірісіндегі таңдауы күшін жояды, - дейді маман.

Белгілі заңгер, «One Stop Service – Бір қадам» жобасының координаторы Ләззат Рақышева айтқандай, кез келген адамның донор бола алмайтыны тағы бар.

– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 210-бабының 1-тармағына және 212-бабының 1-тармағына сәйкес,ықтимал донор 18 жастағы және одан үлкен, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін, трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген адам тірі кезіндегі донор болуы шарт.

Сондай-ақ он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары немесе тіні реципиентке трансплантаттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін. Донордың ағзалары патологиясысыз, қатерлі және жұқпалы аурулары, қант диабеті және басқа да аурулары болмау керек, – деді заңгер.

Жеті жыл жүрек күтудің азабы

Трансплантацияны тағатсыз күтудің азабын алматылық Данияр Байбуллаев жақсы біледі. 25 жастағы жігіт жеті жыл бойы донор күтіп келген. Диагностика кезінде оның өкпесінде сұйықтық жиналып, жүрегі айтарлықтай үлкейген. Айтуынша, дәрігерлер оған сирек кездесетін «дилатациялық кардиомиопатия» диагнозын қойған.

– Тұмау тигіздім. Уақыт өте келе аяқтарым істемей қалды, сосын дәрігерлер өкпемде сұйықтық барын және жүрегім үлкейіп кеткенін анықтады. Бала кезімде мұны сезіне қоймадым. Жылдар өте жүрек трансплантациясы қажет екенін білдім. Қиын сәттерді ешқашан ұмытпаймын. 7 жыл бойы жүректі қайдан табуға болатынын ойлап мазасыздандым. Жап-жаспын, өмір сүргім келді. Күтуден шаршаған сәтте колл-орталықтан қоңырау шалып, донор табылғанын айтты. Осылайша, маған жүрек трансплантациясы сәтті жасалды, – деді Данияр Байбуллаев.

Реципиенттің айтуынша, донор 53 жастағы әйел болған.

– Білуімше, оның балалары донорлыққа келісім берген. Сол үшін оларға шексіз алғысымды білдіремін. Бұл шешім арқылы олар менің ғана емес, тағы бірнеше адамның өмірін ұзартты. Қазір мінез-құлқым өзгерді, таңдауым тұрақталды, өзім де басқа адам ретінде дамып жатырмын, – деді ол.

Тірі донордан ағза алу қауіпті

Ұзақ жылдар бойы трансплантация саласында еңбек етіп келе жатқан Лиза Нұрсұлтанованың айтуынша, қоғам мәйіттік донорлықтың мәнін әлі толық түсіне қойған жоқ. Трансплантүйлестіруші, жоғары санатты нефролог дәрігердің сөзінше, бір ғана донор бірнеше адамның өмірін арашалауға мүмкіндік береді.

– Бір адамның мәйітінен алынған ағза бірнеше адамға жаңа өмір сыйлайды. Бұл – бүгінгі медицинаның дәлелденген жетістігі. Өкінішке қарай көпшілік түсіністік танытқанмен, көп адамдардың келісім беруге батылы жетпей жатады. Бірақ мұндай жағдай кез келген отбасының басынан өтуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек, – дейді дәрігер.

Мәліметтерге сүйенсек, биыл 131 әлеуетті донор анықталса, оның 10-ы ғана келісімін берген. Қалған жағдайларда туыстары құптамаған. Ал 10 актуалды донордың 6-ауы ғана медициналық тұрғыдан жарамды болып танылып, олардың ағзалары күту парағындағы науқастарға салынды. Тірі донордан әдетте тек бір бүйрек немесе бауырдың бір бөлігі ғана алынады, ал қалған ағзалар тек мәйіттен трансплантацияланады.

Қауесет көп. Дін не дейді?

Мәселеге Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те назар аударып, елімізде мәйіттік донорлық жүйесін жетілдіру қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, тақырыпты айналып өтіп, «діни немесе адамгершілік тұрғыдан қиын» деп үнсіз қалуға болмайды.

– Адамгершілікке жат, дінге қарсы деп үнсіз отыруға болмайды. Проблема бар және оны шешу керек. Себебі бәріміздің де айналамызда осындай дертке шалдыққан, өмірін сақтап қалуға болатын жандар бар, – дейді.

Депутат мәйіттік донорлықты дамыту үшін қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыру шешуші рөл атқаратынын айтты.

– Бұл – өмірді сақтап қалу. Ендігі мәселе – мұны қалай қауіпсіз әрі этикалық тұрғыдан, ал қажет болса, діни көзқарастарды ескере отырып іске асыруға болатынында. Өйткені елімізде дінге берік азаматтар көп. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бұл бағытта мәдениет қалыптастырып, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – дейді депутат.

Осылайша, сарапшылар бұл түйткілді шешу үшін бір ғана шара жеткіліксіз екенін айтады. Ең әуелі заңнаманы заман талабына сай нақтылай түсу қажет. Донорлар мен реципиенттер жөніндегі деректерді толық цифрландыру, тіркеу тетіктерін барынша ашық ету – жүйеге деген сенімді күшейтетін басты қадамдардың бірі.

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.