фото: pixabay.com
Қылмыстық іс: Алматыда университет студенті оқытушыға пышақ салды
Алматыда оқытушыға пышақ ала жүгірген студентке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, студент емтиханнан сүрініп, жазғы маусымға қалып қойғаны үшін ашуға булығып, осындай қадамға барған көрінеді. Дегенмен ALT University басшылығы мұны жоққа шығарып отыр. Яғни зардап шеккен оқытушы суық қару ұстаған студентке ешқашан дәріс оқымаған екен.
Жәнібек Смадияров, ALT University аппарат жетекшісі: — Студенттің мұғаліммен еш қарым-қатынасы жоқ. Мұғалім ол студентке сабақ бермейді. Қандай да бір ортада келеңсіз жағдай болмаған. Оқу үлгерімі жақсы, сабақтан қалмаған. Жанындағы достары, студенттердің айтуынша, тұйық мінезді. Сабаққа келетін, кететін. Ол туралы мінездеме жоқ.
Оқиға өткен жұмада университет дәретханасында болған. Студент оқытушының артынан іле-шала кіріп, пышақпен мойнын жаралапты. Абырой болғанда, сондағы күзет пен өзге де студенттер байқап қалып, оларды ажыратып үлгерген.
Жарақат алған мұғалімді дәрігерлер ауруханада тексергеннен соң, оны үйіне қайтарған. Ал екінші курс студенті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Егер ол кінәлі деп танылса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзірге екеуара кикілжіңге не себеп болғаны белгісіз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через