
фото: pexels.com
Түркияда енді қоғамдық орындарда музыка қосып, пайдаланғаны үшін салық алынады, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа ереже бойынша шаштараз, дәмхана, тойхана, тіпті базардағы радиодан шыққан әуенге кәсіп иесі авторлық төлемақы төлеуге тиіс. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа заңға сай қоғамдық орындарда музыка қосқан кәсіп иесі жыл сайын әр шаршы метрге 6000 лира көлемінде роялти төлеуі тиіс. Бұл автордың шығармашылық еңбегін әділетті бағалап, жекеменшік құқығын қорғау үшін қабылданған шешім.
Өнер саласының өкілдері бастаманы қолдап отыр. Көптеген өнер иесі әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған және қиын жағдайда өмір сүреді. Ал кейбір кәсіпкерлер бір сағаттық табысына тең келетін ақшамен бір жыл бойы пайдаланған әннің ақысын төлеуден бас тартады. Егер мекемеде музыка шырқалса, заң бойынша авторлық төлемақы төленуі тиіс. Ол көбіне электр қуаты шығынынан да аз болады. Мұндай төлемнен қашу – әділетсіздік.
Алайда бизнес өкілдері: «Мұндай төлем шағын кәсіпорындарға қиынға соғады», – дейді. Әсіресе алым мөлшерін есептеу жолына көңілдері толмай отыр.
Иигит Аббас, кәсіпкер: - Мысалы, менің шаштаразым 90 шаршы метр. Жаңа заң бойынша мен жылына шамамен 15 мың доллар төлеуім керек. Бұл табысымның айтарлықтай бөлігін алып кетеді. Музыкасыз шаш құрғатқыштың дыбысы шыдатпас. Ақылға қонымды шешім емес. Біздің де күн көруіміз қажет қой.
Ал жаңа ережені елемеген кәсіпкерлерге үш есе артық айыппұл салынып, банктік шоттары бұғатталуы мүмкін. Тіпті кей жағдайда 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Сондықтан музыка енді Түркиядағы кәсіпкерлер үшін жай көңіл көтеру құралы емес, нақты есеп пен жауапкершілік жүктейтін жаңа заңдық міндетке айналмақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через