Мектеп бітіру емтиханы 9 сағатқа созылады

Мектеп бітіру емтиханы 9 сағатқа созылады
фото: pixabay.com

Әлемнің көп елінде мектептерде емтихан басталды. Көбінің сынақ жүйесі біздегіден өзгеше.Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы  24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

 Теориялық білімге қарағанда оқушының логикалық ойлау қабілетін көбірек бағалайды. Мысалы, Франция мен Финляндияда оқушы емтиханды жазбаша тапсырады. Мектеп бітірушілер бекітілген пәндер бойынша эссе жазуға міндетті. 

Ал Қытайда емтихан 9 сағатқа созылады. Иә, әлем елдері түлектердің емтиханына зор мән береді. Тіпті кей мемлекетте көлік қозғалысы шектеліп, тыныштық орнайды. 

Қытайда мектеп бітіру емтиханы 9 сағатқа созылады 

Әлемдегі ең күрделі мектеп бітіру емтиханы Қытайда. «ГаоКао» деп аталатын ұлттық сынақ – мектеп бітірушілер үшін ең шешуші кезең. Емтихан шамамен 9 сағатқа созылады. Оны жыл сайын 12 млн түлек тапсырады. Бірақ олардың 10 млн-ы ғана сүрінбей өтеді. Ал Қытайдың ең үздік оқу орындарына түсу үшін түлектердің 0,25% ғана шекті балл жинай алады. Өйткені сынақ тым күрделі. Ол қытай тілінде өтеді. Мектеп бітірушілердің білімі математика, жаратылыстану ғылымдары мен тіл пәні бойынша бағаланады. Оқушылар емтиханды жақсы тапсыру үшін дайындықты 2-3 жыл бұрын бастап, тәулігіне 12-14 сағат уақытын бөледі.    

Оңтүстік Кореяда емтихан күні көшеде қозғалыс тоқтайды 

Оңтүстік Кореяда мектеп бітіру емтиханына тұтас ел аса жауапкершілікпен қарайды. Сынақ күні әуе рейстері тоқтайды, барлық мекемеде жұмыс уақыты қысқартылады. Түлектерді қорғау үшін көлік қозғалысы шектеліп, полиция жолдарды қатаң бақылайды. Бұл балалардың сынақты еш алаңдамай тапсырып шығуы үшін ұйымдастырылады. Ал емтиханның өзі 8 сағатқа созылады. Мектеп бітірушілер тестті таңдау пәнінен бөлек корей мен ағылшын тілі, математика, жаратылыстану ғылымдары бойынша тапсырады. Олар емтиханға дайындықты ерте бастайды. Соңғы оқу жылында әзірлікті тіпті күшейтіп, тәулігіне 12 сағатқа дейін дайындалады. Себебі түлек емтиханды бір-ақ рет тапсыра алады. Сондықтан оның әр бала мен ата-ана үшін маңызы зор.  

Фото: pixabay.com.

 Финляндияда емтиханды ағылшын тілінде тапсыруға рұқсат берілмек 

Сапалы білім жүйесімен танымал Финляндияда мектеп бітіру емтиханы дәл Қытай мен Оңтүстік Кореядағыдай күрделі емес. Бастысы, емтихан стрессіз өтеді. Бірақ терең білімді қажет етеді. Өйткені қорытынды сынақ тест емес, жазбаша түрде жүреді. Бұл олардың теориялық білімін ғана емес, ойлау қабілеті мен аналитикалық дағдыларын анықтауға мүмкіндік береді. Ал түлектер емтиханды тек фин немесе швед тілінде тапсыра алады. Бұл өзге ұлт өкілдері үшін қиындық туғызып отыр. Осыны ескерген үкімет сынақты ағылшын тілінде жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде дәріс ағылшын тілінде оқытылуы мүмкін. 

Андерс Адлеркройц, Финляндия білім министрі: - Біз білім беру жүйесіне швед пен фин тілінен бөлек тағы бір шет тілін енгізуді жоспарлап отырмыз. Егер парламент ұсынысымды қабылдаса, орта білім мен ЖОО-ға түсу сынағы ағылшын тілінде жүргізіледі. Өзгеріс елге оралған мигранттар мен шетел азаматтары арасында қызығушылық туғызуы мүмкін.   

Францияда емтихан жазбаша әрі ауызша өтеді 

Ал Францияда мектеп бітіру емтиханы жазбаша әрі ауызша өтеді. Барлық түлек философия пәнінен эссе жазуы міндетті. Әр жазбаша сынақ 4-5 сағатқа созылады. Ауызша емтиханға 30 минут уақыт беріледі. Жүйе мектеп бітірушінің есте сақтау емес, логикалық ойлау мен талдау жасау қабілетін бағалауға құрылған.    

Газадағы оқушылар емтихан тапсырғысы келеді

 Ал Газа секторында мектеп оқушылары үшін емтиханның оңай-қиыны емес, оны тапсырудың өзі қолжетпес арман. Аймақта 1,5 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыстан оқушылар білімнен қол үзіп қалды. Бұрын тәлім-тәрбие ошағы болған мектептер қазір олардың бас сауғалайтын панасына айналған. 

Мадж Хамад, жергілікті тұрғын: - Қазір біз паналап жүрген мектепте осы уақытта оқушылар емтихан тапсырып, бітірушілер ЖОО-ға түсуге қамданатын еді. Арманым – дәрігер болу. Қайғыдан қан жұтқан, жаны да, тәні де жаралы халыққа көмектескім келеді. Қақтығысқа дейінгі оқу жылдарым мен үшін өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі болды. Соғыстан мектепті бітіре алмай қалдым.

Біздің елде де мектеп бітірушілердің білімін бағалау жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу түлекті бірнеше пән бойынша тексереді. Ал оның күрделілігі оқушының дайындық деңгейіне байланысты. Айта кетейік, ҰБТ сынағы 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Тест 4 сағатқа созылады, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін 40 минутқа ұзағырақ.