Кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жүктілік деңгейі өскен

Кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жүктілік деңгейі өскен
фото: pexels.com

Қырғызстанда 18 жасқа толмағандарды некеге тұруға мәжбүрлеу мен оны тіркеу қылмыс болып саналады. Ал Финляндияда 18 жасқа толмаған қыздар арасында түсік жасату 66% төмендеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

 Жасөспірімдердің жүкті болу көрсеткіші қандай және әлемде әйел адамның денсаулығына қатысты ақпараттандыру қалай жүріп жатыр? 

Қырғызстанда ерте жүктілік деңгейі өсіп барады 

Қырғызстанда кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жүктілік деңгейі өскен. Былтыр бұл елде 13 пен 17 жас аралығындағы 353 жеткіншек бала туған. Бұл Омбудсмен инстутының мәліметі. Қырғыз заңнамасы бойынша 18 жасқа толмай тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу, ол некені тіркеу қылмыс болып саналады. Бірақ жасөспірімдердің некеге тұруы жиілеген. Былтыр Бас прокуратура осындай 29 қылмыстық іс қозғаған. Тоқтоғұл ауданындағы 300-дей ғана адам тұратын ауылда кәмелетке толмаған 14 қыз жүкті болып, дүниеге сәби әкелген.   

Фото: pexels.com.

Финляндияда жас қыздардың түсік жасатуы азайған 

Финляндия жасөспірім қыздар арасындағы түсік жасату деңгейін едәуір азайтты. Бұл көрсеткіш кейінгі 23 жылда 66% төмендеген. Бұған мектептерде жыныстық тәрбие бойынша сабақтың міндетті түрде өткізілуі мен жүктіліктің алдын алу шаралары себеп. Бұл елде 2022 жылы қыздарға жүктіліктің алғашқы 12 аптасында еш себебін көрсетпестен түсік жасатуға рұқсат беретін заң қабылданған. Мамандар бұл құжат жағдайды реттеуге септесті деп есептейді.   

Доминиканда қыздарға арналған орталықтар жұмыс істейді 

Доминиканда қыз балаларға үгіт-насихат жүргізіп, қажетті ақпарат беретін арнайы орталықтар жұмыс істейді. Мұндай клубтар 60-тан астам аймақта ашылған. Қазір оларға 13 пен 17 жас аралығындағы 2 мыңға жуық бойжеткен  барып жүр. Бұл орталықтарда жыныстық тәрбие, тұрмысқа шығу, ана болу туралы мәлімет беріледі. Сондай-ақ жеткіншек қыздар жасырын түрде психологтардың кеңесін алады. Доминиканда түсік жасатуға тыйым салынған. Шаранасын алдыртқан адамдар 2 жылға дейін, ал медицина маманадары 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша бұл елде қыздардың 30%-і жасы 18-ге жетпей тұрмысқа шығады.