Қазақстандық студенттер ЖИ курстарын қалай тегін оқи алады?

Қазақстандық студенттер ЖИ курстарын қалай тегін оқи алады?
фото: pexels.com

Жыл басынан бері 35 мыңға жуық студент Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген AI-Sana жасанды интеллект курстарына қатысты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

 Бағдарлама аясында жалпы саны 650 мың білімгер білімін жетілдіруі тиіс.

 Ұлттық стратегия негізінде жасалған курс жастарға не үйретеді? 

Сертификат алған студенттердің жетістігі қандай? 

Еліміздегі алдыңғы қатарлы техникалық білім ордасы – Satbayev University Президент бастамасымен жасанды интеллект жөніндегі компетенция орталығының бірі ретінде белгіленген. Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген AI-Sana жобасы да осы университет базасында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба – білім ордасының жасанды интеллект бағытындағы жұмыстарымен қатар жүргізілуде. 

Жұлдыз Қалпиева, Satbayev university академиялық даму жөніндегі вице-провост: - AI-Sana атты үлкен ұлттық деңгейдегі бағдарлама жүзеге асырылуда. Әр университетте барлық студенттер мен оқытушылар осы ЖИ негіздері курсының нөлдік деңгей деп аталады. Соны барлық қолданушылар оқып шығуы керек. Бұл курс үлкен 7 бөлімнен тұрады. Бұл бөлім ЖИ барлық салаларын түбегейлі қамтиды. Генеративті жасанды интеллекттен бастап текстпен жұмыс, мәтінмен жұмыс, кескінмен жұмыс, видео, дыбыспен жұмыс жасау негіздерін бәрін қамтиды. Және ЖИ этикалық аспектілерін қамтитын модуліміз де бар.

 AI-Sana жасанды интеллект курсынан еліміздің 650 мың студенті міндетті түрде өтеді. Олардың қатарынан іріктелген 100 мың студент қыркүйектен бастап арнайы екінші модульмен оқытылады. Модульдің авторы – Стэнфорд университетінің профессоры, білім беру, инновациялар және кәсіпкерлік саласындағы әлемге танымал сарапшы Пол Ким. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі: - Бұл модуль студенттерді жасанды интелектті қалай түрлі-түрлі салаларда қолдануды үйретеді. Есепші, халықаралық құқықшы, экономист болсын, кез келген салада жасанды интеллекті қалай енгізуге болады? Қазіргі таңда неге десеңіз, жасанды интеллект көбінесе үлкен корпорациялардың және ұлттық стратегиялардың деңгейінде қалып қалды. Қарапайым адамның деңгейіне түскен жоқ. Бизнес жасанды интеллект қуатын сезген жоқ. Сондықтан бұл маңызды бастама. 

Студенттер ChatGPT, Midjourney, Grok сияқты жасанды интеллект құралдарын меңгереді. Сондай-ақ курс барысында жасаған бағдарламаларын сынақтан өткізуге мүмкіндік бар. Бірқатары қазірдің өзінде өз жобаларын жасап үлгерген. 

Дархан Қанатұлы, Satbayev University 3-курс студенті: - Мен AI-Sana бағдарламасының арқасында өз жобамды бастаған болатынмын. Пюр прожект деген. Мен ол бағдарламаны студенттерге немесе софт енді жазып үйреніп жатқан адамдарға арнап жасағанмын. AI-Sana бағдарламасы жасанды интеллектті қалай қолдану керек, қалай код жазу, софт жазу немесе суретпен жұмыс жасау видеомонтажға көмектеседі. 

Қаңтар айынан бері жасанды интеллект курсын 35 мыңға жуық студент аяқтап, сертификат алды. Саннан сапа шығады. Жыл соңына дейін осы курсты аяқтаған жастардың қатарынан жасанды интеллект саласында 1-1,5 мың стартап команда құру жоспарланған.