Болашақта кассир, банк менеджері, графикалық дизайнер мамандықтары жойылуы мүмкін

Болашақта кассир, банк менеджері, графикалық дизайнер мамандықтары жойылуы мүмкін
фото: pixabay.com

2030 жылға дейін біршама мамандық жойылып, олардың орнын жасанды интеллект басуы мүмкін. Соған сәйкес, «Бүгін LIVE» бағдарламасында қонақ болған ІТ саласы бойынша сарапшы жас түлектерге сұранысқа сай салаларды таңдауды ұсынды, деп хабарлады kaz.inform.kz.

Мектеп бітіруші түлектерден қандай мамандық таңдайтынын сұрасаң, көбі баяғы классикалық мамандықтарды атайды.

– Осыдан 4-5 жыл бұрын Қазақстанда кәсіби бағдар бойынша платформа жасағанмын. Сол кезде көптеген мектеп оқушыларымен сөйлестім. Мектеп бітіруші түлектерден қандай мамандық таңдайтынын сұрасаң, көбі баяғы классикалық мамандықтарды атайды. Себебі оларға ата-аналары болмаса басқа да жақындары осындай кеңес берген. Сонда мен бұл балаларға кәсіби бағдар беру керек екенін түсіндім. ІТ саласын жақсы білетінімді пайдаланып, осы бағытта не істеуге болады дегенді ойлана бастадым. Сөйтіп, 3 жыл ішінде мыңнан астам баланы робот техникасы мен бағдарламалауға үйретіп шықтық, - дейді Ғизат Маханов.

Astrobot робототехника және бағдарламалау орталығының негізін қалаушы маман жастардың неге көбіне классикалық мамандықтарды таңдайтынын түсіндірді.

– Жасөспірімдер ІТ саласын таңдамауының себебі ретінде онда математика бар екенін алға тартады. Ал, математикаға көп баланың беттей бермейтіні белгілі. Химия, физика, биология пәндері бойынша да осындай мәселелер бар. Бұл тек мектептегі пәндерге қарай қабылданған қате шешім дегім келеді. Балаларды зертханаларға апарып, нақты жұмыстарды көрсету керек. Кәсіби бағдар деген – балалардың нағыз жұмыс барысымен танысуы. Бұл классикалық, гуманитарлық мамандықтар керек емес деген сөз емес. Бірақ адам мамандығын таңдағанда заманауи, сұраныстағы мамандықтарға бет бұрғаны жөн – дейді сарапшы.

Ғизат Маханов оған қоса алдағы уақытта қандай мамандықтар жойылуы мүмкін екенін де айтты.

– Алдағы уақытта деректерді компьютерге енгізетін мамандықтар, кассир, банк менеджері, графикалық дизайнер мамандықтары жойылып кетуі мүмкін. Бұл – менің пікірім емес. Дүниежүзілік экономикалық форум әр 5-6 жыл сайын осындай зерттеу жүргізіп тұрады. Соған сәйкес, осы мамандықтар 2030 жылға дейін қажет болмай қалады деген болжам бар, – дейді ол.