
фото: pixabay.com
Қазір әлеуметтік желілерде салық төлеуге қатысты жаңа тақырып қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталының тілшісі.
Блогерлердің айтуынша, шетелде жұмыс істейтін отандастарымыз жеке табыс салығы ретінде Қазақстанға 10% салық төлеуі керек екен. Жаңа Салық кодексіне осындай өзгеріс енгізілмекші. Әлеуметтік желілерде осындай ақпарат тарап жүр.
Бала-шағасын асыру үшін отбасынан жырақта, ақша табудың қамымен жүрген отандастарымыз мұның қаншалықты заңды екеніне көз жеткізе алмай жүр. Себебі олар, өздері істеп жүрген мемлекеттерде жалпы табысының 10 пайызын сол елге тұрақты түрде төлеп келеді. Егер қалған табысымыздан тағы да 10 пайызын Қазақстанға төлейтін болсақ ақ қар, көк мұзда жүріп тапқан табысымыздан не қалады деп ашынып жатыр.
Шетелде қанша қазақстандық жұмыс істеп жүр?
2024 жылдың деректері бойынша 200 мыңға жуық қазақстандық шетелде заңды негізде жұмыс істеген. Сондай-ақ ресми мәртебесі жоқ шетелде жұмыс істейтіндер де бар. Мемлекет осындай азаматтардың еңбек құқықтарын қорғап, қажет болса, оларға қажетті қолдау көрсете алатындықтан, бәрі де заң аясында болғаны маңызды.
Басқа елде жүрген азаматтарымыз жеке табыс салығын төлеу керек
Расында басқа елде жүрген қазақстандық азаматтар жеке табыс салығын төлеу керек. Бірақ бұл қолданыстағы заңға енгізілетін жаңа өзгеріс емес, бұрыннан бар норма. Салық Кодексінің 338-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістер болып табылмайтын кірістердің барлық түрі Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі (жеке тұлғалардың шет елден тапқан кірісі) көздерден түсетін басқа да кірістер деп танылады.
Яғни қазақстандықтар шетелде ресми түрде жұмыс істеп, табыс тауып жүрсе, ол адамның кірісі дербес салық салуға жататын кіріс деп есептеледі. Демек қай елде жұмыс істесеңіз де, Қазақстан азаматы болсаңыз, елге жеке табыс салығын тапсыруыңыз керек.
«Бұл ретте, аталған заң нормалары жаңадан енгізілген жоқ, қолданыстағы норма екенін назарыңызға жеткіземіз», – деп жазылған мемлекеттік кірістер комитетінің KursivMedia-ға жолдаған хатында.

Фото: pixabay.com.
Шетелдегі отандасымыз қанда жағдайда салық төлемейді?
Сонда шетелдік ұйымдарда заңды жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары «екі жаққа да салық төлей ме?» Дәл осы сұрақ қазір шетелде жүрген отандастарымызды қатты алаңдатып отыр.
Егер қазақстандық азамат жұмыс істеп жүрген елінің заңнамасына сәйкес табыс салығын төлеген болса, онда Қазақстанда салық төлемейді, тек есебін тапсырады екен.
«Салық кодексінің 638-бабы 1-тармағына сәйкес резидент-жеке тұлғада Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірістерден шетелдік табыс салығының төленгенін растайтын құжат болған кезде, Салық кодексінің 303-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылуға жатады», – деп түсіндіреді мемлекеттік кірістер комитеті.
Мәселен, қандасымыз Еуропада немесе Азия елдерінде еңбек етіп, біздің ақшамен есептегенде айына 2-3 млн теңге жалақы алады делік. Бірақ ол сол елде 10% көлемінде салық төлеген және оны растайтын құжаттары бар. Демек сол құжатты Қазақстандағы органдарға көрсетеді, тиісінше елде жеке табыс салығын төлемейді. Ал шетелде жүріп 10%-дан аз (мысалы 8 пайыз) салық төлесе, онда қалған 2% салықты Қазақстанға төлеуі керек, деп жазды kz.kursiv.media.
«Сол себепті, әлеуметтік желіде таралған жеке тұлғаның шет елден табыс алған жағдайда шет елге 10 пайыз, Қазақстанға 10 пайыз салық төлейді деген уәжі негізсіз екенін хабарлаймыз», – деп жазады мемлекеттік кіріс комитетінің өкілдері
Салық – мемлекеттік бюджетке заңдыжәне жеке тұлғалардан белгілі бір мөлшерде түсетін міндетті төлемдер. Салықтар – шаруашылық жүргізуші субъектілердің, жеке тұлғалардың мемлекет пен екі арадағы мемлекеттік бюджет арқылы жүзеге асырылатын, қаржы қатынастарын сипаттайтын экономикалық санат. Барлық өркениетті елдерде салықтардың бүкіл жиынтығы әр түрлі қағидаттар бойынша жіктеледі.
Салықтар мемлекеттің құрылуымен бірге пайда болады және мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі болып табылады. Мемлекет құрылымының өзгеруі, өркендеуі қашан да болса оның салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен бірге қалыптасады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через