
фото: © Оқу-ағарту министрлігі
Министр Ғани Бейсембаев жүз жылдан астам уақыт ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан мектептердің тәжірибесін зерттеп, үздіктерін ел көлемінде тарату қажет екенін айтты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 100 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп келе жатқан мектептердің педагогикалық ұжымдарымен онлайн форматта кездесіп, сұхбаттасты, деп хабарлады ведомствоның бапсасөз қызметі.
Бұл ғасырлық тарихы бар білім ошақтарының басын қосқан алғашқы жиын болды, деп хабарлайды Министрліктің баспасөз қызметі.
Елімізде өз қызметін 19-20 ғасырларда бастап, бүгінгі күнге дейін ағартушылық дәстүрдің сабақтастығын үзбей келе жатқан 97 мектеп, 12 колледж бар.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан мектебі 184 жылдан бері үздіксіз бала оқытып келеді. 1841 жылы Қазақстан аумағындағы алғашқы бастауыш мектеп болып ашылған бұл қарашаңырақта тұңғыш қазақ ғалымдарының бірі Мұхаммед-Салық Бабажанов, ағартушы Мақаш Бекмұхамбетов, сондай-ақ "Мұғалім" журналының алғашқы редакторы Ғұмар Қараш сияқты тұлғалар білім алған.
Сол секілді Қызылорда облысындағы 164 жылдық тарихы бар №16 мектеп-лицей, Ақтөбе облысындағы 162 жылдық тарихы бар Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Атырау облысындағы 144 жылдық тарихы бар Қызылүй орта мектебін де атауға болады. Ақмола облысындағы Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі 129 жылдан бері еліміздің экономикасын нығайтуға үлес қосқан кәсіби мамандар даярлап келеді.
"Біз ғасырлық тарихы бар білім ошақтарының арнайы каталогын жасауды қолға алуымыз керек. Бұл — еліміздің білім тарихының тереңдігін дәлелдейтін маңызды құжат болмақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мектептер де қажеттілігіне қарай толықтай реновациядан өтіп, материалдық-техникалық тұрғыда жаңартылуы тиіс. Сондай-ақ мұнда еңбек етіп жүрген педагогтердің әлеуеті де жіті зерделеніп, оларға жүйелі қолдау көрсетілуі қажет", — деді Ғани Бейсембаев.
Министр жүз жылдан астам уақыт ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан мектептердің тәжірибесін зерттеп, үздіктерін ел көлемінде тарату қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол ғасырлық мектептерді білім беру ісінің құндылығы ретінде сақтап қалу және дамыту мақсатында 100 жылдық мектептер қауымдастығын құруды, оларды қолдау мен дамытудың стратегиясын әзірлеуді тапсырды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через