Қазақстандық оқушылар керемет екі жаңалық ойлап тапты

Қазақстандық оқушылар керемет екі жаңалық ойлап тапты
фото: pixabay.com

Шымкенттік оқушылар ерекше көзілдірік жасап шықты. Айтылған әңгімені сол заматта экранға шығаратын суфлер тәріздес көзәйнектің көмегімен енді құлағы естімейтін азаматтар сұхбаттасып отырған адамның сөзін оқып, түсіне алады, деп жазды qazaqstan.tv.

Ақылды көзілдірік шап-шағын микрокомпьютер, микрофон және дисплейден тұрады. Жаныңда әңгіме айтып келе жатқан адамның сөзі бірден процессорға жетіп, өңделіп, көзілдіріктің жанына орнатылған линзаға қаз-қатар сөйлем болып шыға келеді. Нұрбек компьютерде отырып, осы бағдарламаны небәрі бір аптаның ішінде жасап шыққан.

Нұрбек Тайжанов, 11-сынып оқушысы:

Платаның өзінен бір мәрте РІ-дан дисплейге мәтін шығаратын өзінің коды бар. Дисплейден мәтінді автоматты түрде жылжытатын коды бар. Соның бәрін өзім автоматизациялап жасап қойдым.

Ал суфлер көзілдіріктің инженерлік тұсын жетілдірген Санжар Сартаев. Сыныптас үш жігіттің ойында мұндай идея робототехникадан өткен жарыстардың бірінде пайда болған. Осы сайыста көзі көрмейтіндер үшін жасалған құралды қызықтаған олар, өзге де жарымжан жандардың жұртпен қарым-қатынасын жеңілдету жолын іздестіре бастайды.

Санжар Сартаев, 11-сынып оқушысы:

Бүкіл процестер осының ішінде жүреді. Одан бөлек, яғни көзілдірікке жалғанатын бөлігі бар. Бұл жақты лэд дисплей, 10 сантиметрлік жеке линза және өзіміздің рефлектор орналасқан.

Көзілдірік әзірге тек орысша сөздерді ғана қабылдап, жаза алады. Өнертапқыш шәкірттер енді оған қазақ және ағылшын тілдерін қоса енгізуді ойластырып жатыр. Ол үшін микрокомпьтерге қуатты жады орнату қажет. Сол кезде көзілдірік айтылған әңгіменің 95 пайызын дәлме-дәл линзаға шығарып бере алады.

Арнұр Дәулет, 11-сынып оқушысы:

Бұл тек қана прототип. Және бұл бастапқы бөлігі. Алдағы уақытта мұны дамыта отырып, соңғы және дайын вариантын жасау үшін 200 мың теңге көлемінде инвестиция керек. Ол тек бір өнімнің бағасы. Алдағы уақытта оны көп мөлшерде жасаймыз.

Өнертапқыш шәкірттер қазір тағы бір тың жобаны әзірлеп жатыр. Олар егіншілікте пайдаланатын дрон құрастыру үстінде. Оның көмегімен мыңдаған гектарға себілген егістің өсіп жетілуі тежелген аумақтарын әуеден анықтауға болады. Ұшқыш құрал дақылдың өсіп жетілуіне қажетті тыңайтқышты өзі сеуіп шығады.