Отандық маркетплейстер сапаға кепілдік бере алмайды

Отандық маркетплейстер сапаға кепілдік бере алмайды
фото: pixabay.com

 Өткен жылы 2,7 миллиардтан астам адам онлайн сауда жасаған. Еліміздегі электрондық сауданың қазіргі жай-күйі туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтып берді.

Онлайн сауда біздің елімізде де кеңінен танымал.

- Электрондық сауда – әлемдік экономиканың маңызды сегменті. Өткен жылы 2,7 миллиардтан астам адам тауарларды онлайн сатып алған. Сатылымдардың жалпы сомасы шамамен 6,3 триллион долларға жетті. Онлайн сауда біздің елімізде де кеңінен танымал. Мәселен, өткен жылы оның көлемі 3,2 триллион теңгеден асып, бүкіл бөлшек сауданың 14,5% құраған. Бұл сала 300 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен базардағы сатылымдарға қарағанда 30% асып кетті, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Премьер-министрдің айтуынша, электрондық сауданың қарқынды дамуы ұлттық экономикаға оң әсер етеді.

- Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық тауарлар экспортын ұлғайту үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жағынан, тұтынушылардың құқықтары мен зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға байланысты мәселе туындайды. Маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты да сұрақ көп. Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбінесе көрсетілмейді. Бұл сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекелі әрі заңды сауда үшін қауіпті, - дейді ол. 

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.