
фото: pixabay.com
Бүкіл әлемде халықтың қарызы артып келеді."Қарызбен өмір сүру тиімді". Көптеген адам дәл осылай ойлайды, сондықтан дамыған елдерде халықтың қарызы жылдан жылға көбеймесе кеміп жатқан жоқ. Бұл туралы «Сапалы Қазақстан» порталы АҚШ Федералды резерв жүйесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бір ғажабы, Америка Құрама Штаттары халыққа қарыз жүктемесінің көлемі бойынша жетекші орынға ие емес. Дүниежүзінде ең көп сыртқы қарызы бар ел атанғанына қарамастан, АҚШ халқының банк алдындағы берешегі әлемнің кейбір елдерінен төмен. Автонесие сегментінде американдықтардың кредиті шамамен $1,14 трлн, ал ипотекалық несиелеу сегментінде бұл көрсеткіш $8,82 трлн-ға жетеді. Студенттік несие 1,28 триллион доллардан асса, несие картасы бойынша қарыз 1,12 триллион долларға жеткен.

Егер ЖІӨ деңгейіне қатысты борыштық міндеттемелерді назарға алатын болсақ, онда АҚШ әлемде оныншы орынды иеленеді. Бұл тізімде Швейцария көш бастап тұр, онда халықтың несиелендірілуі 128% -ға жеткен, мұның ішінде ипотекалық несиелердің үлесі басым.

Фото: pixabay.com.
Жылжымайтын мүлік нарығында осындай орасан зор «кредиттік көпіршік» Австралияда байқалады - бұл елде тұрғындардың банктен алған несие көлемі 123% -ға жетеді.
Жалпы әлемнің ең көп несиеленген экономикаларының рейтингіне сондай-ақ Норвегия, Канада, Дания, Швеция, Нидерланды, Португалия, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея кіреді.
Несие алған жақсы, әлде жаман ба?
Дамыған елдердің халқы кредитпен өмір сүруді қалыпты жағдай деп қарайды. Өйткені олар қымбат заттарды, мысалы автокөліктер мен үйлерді несиеге алады. Тіпті, саяхатқа шығып, демалып қайту үшін де несие рәсімдейді. Студенттер несиемен оқыса, шағын кәсіпкерлер стартап жобаларға қарыздар.
Кейбір дамыған мемлекеттерде керісінше қарызсыз өмір сүріп жатқандарға, несиелік тарихы жоқ адамдарға күмәнмен қарайды. Кейбір компания басшылары мұндай несиесі жоқ адамдарды жұмысқа алудан сақтанады екен. Себебі олардың пайымдауынша, көп қарыз алып жатқан адамдар ертеңгі күнге сенімді, сондай-ақ олар отбасылық бюджетті ұзақ мерзімге жоспарлай алады деп санайды.
Халықтың қарызы туралы мәліметтерді орталық банктер және соған ұқсас қаржы институттары жариялайды. Өкінішке қарай, мұндай статистиканы барлық ел жүргізе бермейді.
Қазақстанда 7,7 млн азаматтың банк алдында берешегі бар
Қазақстанда несиеге қатысты есеп-қисап тұрақты жүргізіледі. Ұлттық банктің ақпаратына сүйенетін болсақ, біз де қарыз алу жағынан әлемнің дамыған елдерінен қалыспайды екенбіз.
«Көппе бірге көрген ұлы той» дейтін қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы тағы көбейген. Ұлттық банктің дерегінше, ел экономикасына берілген кредит көлемі 40 трлн теңгеден асқан.

Фото: pixabay.com.
18 трлн 800 млрд теңгені бизнес иелері, 23 трлн 700 млрд теңгені қарапайым азаматтар алған. Ал ондағы қарыз мөлшері ай сайын өсіп отыр. Сондай-ақ, несиенің басым бөлігі ұлттық валютамен берілген. Ал доллар-еуромен алынған кредит керісінше азайды. Қазір ондағы берешек көлемі 4 трлн теңге. Экономикаға берілген жалпы қарыздың 85 пайызы банк секторына тиесілі.
Егер статистикаға жүгінетін болсақ, қарыз алушылардың саны ай сайын өсіп келе жатқанын аңғару болады. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, қолданыстағы несиесі бар қазақстандықтардың саны 7,7 млн адамға жетсе, олардың 17% -дан көбінің қарызы 90 күннен асады. Кірісінің 50% -ын несиені өтеуге жұмсайтын халық несиелендірілген болып саналады, ғалым, экономист Ғалымжан Керімбек.
Егер бір төлем төленбесе, онда болашақта несиені төлеу қиындай түседі. Сондықтан банктерде 90 күннен астам жұмыс істемейтін несиелер бойынша жеке статистика бар. Себебі егер 90 күн ішінде төлемдер болмаса, сәйкесінше, бұл несиенің проблемалы болу ықтималдығы жоғары, - деп түсіндіреді экономист сарапшы Ғалымжан Керімбек.
Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың үлесі шамамен 9,3 млн адам. Мұның ішінде 7,7 млн азаматтың банк алдында берешегінің бар екенін екенін ескерсек, бес қазақстандықтың әрбір төртіншісі несиемен өмір сүреді деген сөз. Қарызы жоқ, ұйқысы тыныш отандастарымыздың үлесі небәрі 17% екен.

Фото Ғалымжан Керімбектің жеке мұрағатынан
Халықтың басым бөлігі несиеге еріккенінен жүгірмейді. Себебі қарапайым адам шартты түрде бір мезгілде теледидар да, азық-түлік те, киім де сатып ала алмайды. Өз ақшасы жетпегендіктен, амал жоқ банкке барады. Халық табысының төмендеуіне инфляция да әсер етіп отыр, - дейді Ғалымжан Керімбек.
Экономисттің айтуынша, несие жоғары мөлшерлеме себебінен де ұлғайып отыр.
Жеке тұлғаларға берілетін несиелер 18%, ал онлайн-қарыздарда 40-50%-ға дейін жетеді. Яғни, алған ақшаның үстіне 20-30% қосып беру керек, ең жақсы дегеннің өзінде төлем жылына 10% -ға өседі, - дейді экономист.
Ғалымжан Керімбек пікірінше, тиімсіз жоспарлау мен қаржылық сауаттылықтың төмендігі қазақстандықтарды қарыз алуға итермелеп отыр.
Кейбір отандастарымыз несиені рәсімдей отырып, өз мүмкіндіктері мен тәуекелдеріне талдау жасамайды. Ол күтпеген жерден жұмысынан айрылуы немесе басқа да ірі шығыстар туындауы мүмкін. Сондықтан әрбір адам несие алған сәтте өз тәуекелдерін дұрыс бағалауы қажет, - деп кеңес береді сарапшы.
Айта кету керек, мамандар қаржылық сауаттылықты табыстың көбеюінің салдары деп атайды, яғни өзін қаржымен қамтамасыз ете білген адам қолындағы қаржысын да тиімді жұмсай біледі.
Әлемдік өлшемдер бойынша Қазақстанда бір тұрғынға шаққанда қарыз алушылар қатары аз. "Trading Economics" сарапматама порталының дерегі бойынша, әлемнің 45 елінің ішінде Қазақстан жұмыспен қамтылған азаматтардың несие көлемі бойынша тек 41-ші орында тұр. Зерттеуде көптеген мемлекеттің тек тұтынушылық кредиттері ескерілген. Ал Қазақстан халқының барлық қарыздарының жалпы көлемі келтірілген. Бұл жағдайда да ҚР-да жұмыспен қамтылған тұрғындардың кредит алу көлемі кейбір дамыған елдерге қарағанда айтарлықтай төмен.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через