Цифрлық шектеу: Испания балаларды әлеуметтік желіден қорғауға көшті

Цифрлық шектеу: Испания балаларды әлеуметтік желіден қорғауға көшті
фото: https://pixabay.com/ru/

       Әлеуметтік желілердің балалар санасына әсері Еуропадағы басты саяси әрі қоғамдық мәселелердің біріне айналды. Испания бұл бағытта нақты әрі қатаң қадам жасауға дайын. Ел билігі 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салатын шешімді жақын күндері қабылдауы мүмкін.

       Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл бастаманы Дубайда өткен Дүниежүзілік үкіметтік саммитте жария етті. Оның айтуынша, мемлекет кәмелетке толмағандарды бақылаусыз цифрлық кеңістіктен қорғауға міндетті. Осы мақсатта әлеуметтік платформаларға жас ерекшелігін анықтайтын нақты әрі тиімді тексеру тетіктерін енгізу талабы қойылмақ.

       Санчес бұл шараны формалдылық емес, шын мәнінде жұмыс істейтін тосқауыл болуы тиіс деп атап өтті. Оның пайымынша, қазіргі әлеуметтік желілер балалар үшін «цифрлық Жабайы Батысқа» айналған, ал мемлекеттің міндеті – сол ретсіздікті тоқтату.

       Politico басылымының дерегінше, 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың цифрлық платформаларда тіркелуіне тікелей тыйым салатын түзетулер келесі аптада Испания Министрлер кеңесінде мақұлдануы ықтимал. Бұл шешім кең ауқымды цифрлық реформаның бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

       Испания үкіметі тек жас шектеуімен шектелмейді. Жоспарланған шаралар пакетінде заңсыз контент үшін әлеуметтік желі компанияларының басшыларын заң алдында жауапқа тарту, жалған ақпараттың, өшпенділік тілінің және балаларға зиянды материалдардың таралуын қатаң бақылау мәселелері бар. Санчестің сөзінше, мемлекеттер улы контентке көз жұма қарауды доғаруы тиіс.

       Бұл алаңдаушылық тек Испанияға ғана тән емес. Дания 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Франция қыркүйек айынан бастап осындай шектеу енгізуді талап етсе, Португалияда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруі ата-анасының келісімімен ғана жүзеге асуы мүмкін.

       Еуропалық деңгейде де бақылау күшейіп келеді. Еурокомиссия YouTube пен Snapchat секілді платформалардың кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі Цифрлық қызметтер туралы заң талаптарына сәйкестігін тексеруге кірісті.

       Ал Аустралия бұл мәселеде бәрінен озып кетті. Ел 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды. 2024 жылдың қарашасында қабылданған заң 2025 жылдың желтоқсанынан бастап күшіне енбек.

       Осы тұста Қазақстанда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу жоспары жоқ екені белгілі. Дегенмен әлемдік үрдіс цифрлық кеңістіктегі балалар қауіпсіздігі мәселесі алдағы уақытта біз үшін де өзекті тақырыпқа айналуы мүмкін екенін аңғартады.