Мұғалім болу да - өнер

Мұғалім болу да - өнер
фото: Ұстаздың жеке архивінен

-Маржан ханым  өзіңізбен жүздескенімізге өте қуаныштымыз.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсариннің ізін басқан ұлағатты  ұстазсыз.  Саналы ғұмырыңыз мектеп қабырғасында өтті деуге  болады.  Ұстаздың  жұмыс  күні  қалай  басталады?

 -Мектеп қабырғасында жүргеніме 32 жыл болған екен. Ертеңгісін киетін киімімді реттеп, ұстайтын сөмкеңді дайындап қоямын. Әрқашан оқушының алдында сахнаға шыққандай боламыз. Олардың алдында  өзіңді жинақы көрсету бұл біздің күнделікті дағдымызға айналып кетеді.

-Аятжан Ахметжанұлын өзінің берген бір сұхбатында мұғалім болу - ол мамандық емес, ол-өнер деген еді. Сіз қалай ойлайсыз?

Мұғалім болу шынында – өнер. Алдыңда бала қандай көңіл-күйде отырса, мұғалім де соның күйіне түседі. Жыласа жылайсың, күлсе күлесің дегендей. Кейде әртіс боп алдайсың. Мысалға үйден көңіл-күйі түсіп келген баладан қайтіп сабақ сұрайсың. Ол кезде бала шыңдыңын айтады. Ондайда ол баланы айналып өтіп, үй тапсырмасын сұрамауға тура келеді. Бала деген-айна. Үйдегі жағдайды баланың көзінен оқуға болады.

-Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға дейді. Қанша баланың зейінін ашып, қаншама баланы өмірге қанаттандырдыңыз. Алдыңғы мектеп бітіріп кеткен оқушылар мен бүгінгі көз алдыңыздағы оқушыны салыстыра аласыз ба?

Осыдан 10 жыл бұрынғы оқушы мен бүгінгі оқушының арасы жер мен көктей. Бүгінде әлеуметтік желінің арқасында оқушылардың даму деңгейі өте алға ілгерілеп кетті. Бізге қарағанда көп нәрсені ерте ойлайды, шешімін тез тауып жатады. Кейбір жағдайда алдыңдағы баладан көп нәрсе үйренуге тура келеді. Бұрын оқушыға тайға таңба басқандай түсіндіруге тырастын едік, бүгінде оқушыға тек бағыт-бағдар береміз. Сондықтан да болар қазіргі ата-аналар да баласын өзінен бір саты жоғары ұстайды.

-Ертеректе оқушы  ұстаздан жасқанып, қысылып жүретін еді. Бүгінде ұстаздар оқушыға үрке қарайтын болды.  Мектеп өмірімімен біте қайнасып жүрген мұғалім ретінде осы жайында не айтасыз?

-Қазіргі ата-аналар тәуелсіздік кезінде тәй-тәй басқан балалар. Олар қиындықты көрген. Тіпті итше ырылдасып өмір сүрді деуге болады. Әр ата-ана өз баласын бір үйдің ханшасы мен ханзадасындай тәрбиелеп отыр. Сондықтан баланың кемшілігін ата-анасына тура айта алмайтын жағдайдамыз. Кемшілігін жанамалап, жұмсақтап жеткізуге тырысамыз. Бұған ұстаздың кәсіби шеберлігі, өмірлік тәжірибесі де қажет болады. Кейде бала кінәлі болса да өзіміз кішірейіп кешірім сұраймыз. Мүмкін мен дұрыс түсіндіре алмаған болармын дегендей ыңғай танытамыз. Бүгінгі баланың ойлау деңгейі ерекше. Ұстаздың ойына келмегенді ойлап тұрады. Ақпарат ағынын  ұстаздан  бұрын  түсініп  тұрады.

-Балалар өте сезімтал, оларға ақпарат жан-жақтан  тез жылдамдықпен жетіп жатыр. Осыған орай ұстаз не істеуі керек?

Ұстаз мектеп қабырғасында 6 сағат сабақ берсе, үйге барғанда ертеңгі сабаққа дайындыққа, ізденіске кемінде 3-4 сағат уақыт кетеді.Оқушының алдында білместік таныту ұстазға абырой әпермейді. Сондықтан жан-жақты ізденіп, біліміңді толықтырып, жаңашылдықтан қалыс қалмауға тырысасың.

Сұхбаттың  толық  нұсқасын  Ютуб  каналымыздан  көре  аласыздар.