фото: Коллаж: Kazinform/ DALL-E
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржы қаражатын тұрақты жинақтау мақсатына арналған.
«Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болып табылатын екінші деңгейдегі банктерде және сақтандыру компанияларында шот ашуы қажет. Онда ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңгені құрайды) және жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы, 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақының жыл сайынғы төлемі және инвестициялық табыс есептелетін болады.
«Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналар кемінде 12 АЕК мөлшерінде жыл сайынғы міндетті ең төменгі жарнаны төлеуі тиіс.
Шоттарды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, ал сақтандыру төлемдерінің сомасын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтандырады.
Мемлекеттік білім беру грантын алған жағдайда қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға пайдалануға болады.
Сонымен қатар, жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға және қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через