фото: pixabay.com
Қазақстандықтар онлайн сауда-саттыққа көбірек ақша жұмсай бастады. Былтыр 3,2 трлн теңгеге онлайн-сауда жасаған. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, елде интернет-сауданы дамытудың әлеуеті жоғары.
24.kz сайты хабарлағандай, үкімет елімізде электрондық сауда көлемін 2029 жылға қарай үш есе ұлғайтып, 9 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Ал, Премьер-министр Олжас Бектенов Сауда және интеграция министрлігіне саладағы бірқатар мәселені жүйелеу қажеттігін тапсырды. Электрондық сауда әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі.
Бүгінде әлем халқының 30 пайызы интернет арқылы онлайн сауда жасайтын болған. Біздің ел де бұл саланың қыр-сырын әбден меңгерген. Елімізде соңғы 4 жылда электрондық сауда көлемі бес есе өсті. Өткен жылы ол 3 триллион теңгеден асып, барлық бөлшек сауданың 15 пайызын құрады. Соңғы жылдары бұл салада 300 мың адам «екі қолға бір күрек» тапқан. Сонымен қатар, алдағы жылдары үкімет онлайн сауда айналымын 9 триллион теңгеге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Арнайы жоспар да қабылданды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін электрондық сауда бойынша оқу орталықтары ашылды. Электрондық сауда инфрақұрылымы дамып жатыр, оның ішінде меншікті инфрақұрылымы 100 мың шаршы метр болатын Teez жаңа қазақстандық маркетплейс іске қосылды, жақын арада 10 мың жұмыс орны құрылады. Электрондық сауда саласында халықаралық құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық және Орталық Азия аясында жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ бұдан былай шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндетті болады. Демек шетелдік онлайн-дүкендердың қызметі қайта қаралуы мүмкін.
Арман Шакқалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі: - Шет елдердің заңнамалық базасына талдау жасадық. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кешенді тәсілдер қолданылуда. Бұл тәсілдер коммерциялық ортаның қауіпсіздігін және ашықтығын қамтамасыз ету үшін платформалар мен тауарларға қатысты кешенді талаптарды енгізуді көздейді.Авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарды сату сияқты мәселелер бойынша салық заңнамасында «қатаң» талаптар енгізіліп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын және жеке деректерді қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуде.
Фото: pixabay.com.
Маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп. Осылай деген Премьер-министр шетелдік алаңдар түгілі отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайтынын айтты. Көбінде өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көрсетілмейді. Бұл сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекелі әрі заңды сауда үшін қауіпті, деді. Сондықтан тиісті министрлікке ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Әрі Қазақстандағы базарлар мен дүкендер қызметі цифрландырылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: - Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу керек. Әділет және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірленуге тиіс.
Бұл жұмысты өнімнің сапасына, зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізу керек. Бұл тұста Ұлттық оператор «Қазпоштаның» да әлеуетін пайдалану қажеттігі айтылды. Ел ішінде ұлттық поштаның қызмет ауқымы кең. Тек шығыны көбейіп, адымын аша алмай отыр. Үкімет басшысының өзі солай деді. Ал электронды сауда-саттық Қазақстанның Орталық Азияның логистикалық хабы ретіндегі ұстанымын күшейтеді. Ұлттық пошта қазірде қазақстандықтарға жаһандық электрондық тауарларға қол жеткізетін арнайы цифрлық экожүйе құрып жатыр.
Әсел Жанасова, "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы: - Қазпоштаның дамыған инфрақұрылымы мен суперқосымшасының біз жаһандық электрондық коммерцияны әрбір қазақстандықтарға жеткіземіз. Электрондық сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін заманауи қойма кешендерін жетілдіру керек. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, Алматы, Ақтөбе, Алматы облыстарында Түркістан облысында жалпы ауданы 85 мың шаршы метр болатын қоймалар салу жоспарлануда.
Сонымен қатар электрондық сауданы дамытудың 2027 жылға дейінгі жоспары қабылданған болатын. Алайда Үкімет басшысы оны отандық бизнестің ұсыныстарын және маркетплейстермен жұмыс тәжірибесін ескере отырып жаңарту қажет, деді. Бұл жұмысты наурыздың соңына дейін аяқтау қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через