Биыл жасанды интеллект 85 млн адамды жұмыссыз қалдырады

Биыл жасанды интеллект 85 млн адамды жұмыссыз қалдырады
фото: pixabay.com

Алдағы 50 жылда біраз адамның орнын робот басады. Қазірдің өзінде жасанды интеллектінің көмегімен жанармай құю бекетінен бастап, мейрамхана ісі, ас үй, жеткізу қызметін құлтемір орындауға көшті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Зауыттарда робот жұмысшылар пайда болып, ұшқышсыз ұшақ, жүргізушісіз көлік қолданысқа енді. Алпауыт Америка мен Қытай бұл салада көш ілгері. Көршіміз пилотсыз таксидің игілігін қазірден сезіне бастады. Жылан жылында жылдам сымсыз байланыс желісі, 6G технологиясы іске қосылмақ. Биыл адамзат технология саласында жаңа кезеңге қадам басады. 

Жасанды интеллектен бастап кванттық есептеуге дейінгі технология дәуірінің куәсі болады. Тұрмысымызға біртіндеп ене бастаған жасанды интеллектінің көмегімен зауыттарда өндіріс автоматтандырылады. Қызмет көрсету саласында виртуалды көмекшілер пайда болады. Темір құрылғы адамның айтқанын орындап қана қоймай, онымен тілдесіп, өз пікірін білдіре алады. Осы жылы Tesla құрастырған Optimus гуманоидты роботы қолданысқа енуі мүмкін. Электромобиль өндірушілер биыл осы Optimus-ты ішкі жүмыстар үшін қолдана бастайды. 

Фото: pixabay.com.

Илон Масктың айтуынша, бұл құрылғы келер жылы сатуға шығады. Биыл көлік жүргізушісі мамандығына сұраныс азаюы мүмкін. Өйткені көп елде өзін өзі басқаратын көліктер қолданысқа енеді. Тың инновация темір тұлпарды жүргізушісіз автоматты түрде тізгіндейді. Өздігінен жүретін мұндай көліктер даму сатысына қарай 6 деңгейге жіктеледі. АҚШ-та қазір 4-ші деңгейлі ақылды көліктер кәдеге жарап тұр.

 «Биыл 5-ші деңгейлі роботаксилер пайда болады», - дейді сарапшылар.

 Қытай пилотсыз такси құрастыруда көп елден көш ілгері. Ухань қаласында тұрғындар қазірден-ақ өздігінен жүретін көлік мініп жүр. Онда 1 мыңнан астам роботакси ресми тіркелген. Енді биылдан бастап Бейжің бұл бастаманы қолданысқа енгізбек. Тағы Қытайдың 19 қаласы ақылды таксилер мен автобустарды сынақтан өткізіп жатыр. Жоба кәдеге асса, тұтас ел аумағында такси жүргізушілері қажет болмай қалады. 

Биыл әлем 6G сымсыз байланыс желісінің игілігін көруі мүмкін. Ал бір саты төмен 5G желісі осы жылы біраз елде іске қосылады. 5G жылдам интернеті Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропада осыдан 6 жыл бұрын-ақ іске қосылған. Енді бұл елдер сымсыз желінің келесі буыны 6G технологиясы бойынша алғашқы сынақ жұмыстарын жүргізуі мүмкін. 

Фото: pixabay.com.

Қазір әлемде 1,6 млрд адам 5G сымсыз байланыс желісіне қосылған. 2030 жылға қарай қолданушылар саны 5,5 млрд-қа жетеді деген болжам бар. 

Иә, технологияның тілін білген ұтады. Бірақ инновацияның игілігінен бұрын кибершабуылдың кесірін көрушілер де көбеюі мүмкін. Өйткені жасанды интеллектінің жылдам дамығаны соншалық, оның көмегімен кез келген адамның жеке мәліметін қолды етіп, жасанды дауыс, жасанды бет-әлпетті айнытпай салуға болады. Бұл алаяқтардың қаптап, оның арбауына түсетін адамдардың артуы мүмкін деген сөз. Өйткені биыл кибершабуылдың ауқымы кеңейеді. Дәлірек айтсақ, жеке деректерді пайдалана отырып жасалған фишингтік хаттар, жалған телефон қоңыраулары, танымал адамдардың даусын айнытпай салу сияқты қызметтік бағдарламалар дамиды. Сол себепті технологияны жан-жақты меңгеріп, оны ұтымды пайдаланған артық етпейді. 

Биыл 85 млн адам жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. 

Бүкіләлемдік экономикалық форум осындай болжам жасады. Өйткені жасанды интеллект кей мамандықтарды бірыңғай автоматтандырып, біртіндеп жұмысшылардың орнын басып жатыр. Бірақ бірақ дейтін бір тұсы бар. Технология кей мамандықты жойғанымен, оған бейімделуді қажет ететін біраз салада жаңа кәсіпке жол ашуы әбден мүмкін. 97 млн жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам да бар. Бірақ бұл жай ғана болжам. Ал оның нақты іске асып-аспауы алдағы уақыттың еншісінде.