Биыл қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болады

Биыл қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болады
фото: pixabay.com

 Қазақстанның еңбек нарығы жылдан жылға түрленіп, дамып, жетіліп келеді. Жаңа салалар пайда болып, жасанды интеллект те енгізіліп жатыр. Бұл жағдай мамандарды көп қажет ететін саланың да, керек кадрлар санының да өзгеруіне әкеп соғады. Сол себепті, Kazinform шолушысы биыл қай салада маманға сұраныс жоғары болатынын зерделеп көрді.

Қандай жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, сұранысы жоғары жұмысшы мамандықтардың алғашқы ондығының тізімі мынандай:

Фото: Kazinform
Сондай-ақ, орталық сарапшылары кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға алдағы 5 жылдағы сұраныс көлеміне жасаған болжамын жариялады:

2025 жыл: 63,8 мың адам
2026 жыл: 65,7 мың адам (+1,9 мың немесе 3%)
2027 жыл: 67,9 мың адам (+2,2 мың немесе 3,3%)
2028 жыл: 66,8 мың адам (1,1 мыңға кемиді немесе -1,6%)
2029 жыл: 67,5 мың адам (+0,7 мың немесе 1%)
2030 жыл: 71,4 мың адам (+3,9 мың немесе 5,8%).
Осы деректерге сүйене отырып, жұмысшы мамандықтарға сұраныс жыл сайын артып отыратынына көз жеткіземіз. Ал сұраныс артқан сайын жұмысшы мамандықтардың беделі де жоғарылай түседі.

Мұғалімдер мен тәрбиешілер ауадай қажет

Елімізде алдағы 5 жылда ең сұранысы жоғары болатын мамандықтар тізімінде мұғалімдер мен тәрбиешілер көш бастап тұр.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары келтірген дерекке сай, алғашқы бестікте мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиешісі, гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы пәндердің мұғалімі, бастауыш сыныптардың мұғалімі және орта мектепте өзге де пәндерден сабақ беретін мұғалімдер тұр.

Фото: Kazinform

ЖИ бірқатар мамандықты ығыстыруы ықтимал

Әлемдік еңбек нарығы технологиялық дамудың, әсіресе жасанды интеллектінің әсерінен үлкен өзгеріске түсіп жатыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебінде алдағы 10 жылда шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны ашылатыны айтылған. Сөйте тұра, 92 миллион жұмыс орнын адамнан «ақылды» технология тартып алуы мүмкін, яғни жұмыспен қамтудың таза өсімі - 78 млн жұмыс орны.

Сарапшылардың болжауынша, ауыл шаруашылығы саласының жұмысшылары, жүргізуші-жеткізушілер, құрылысшылар, сатушылар және тамақ өнеркәсібі саласының жұмысшылары саны көбейе түседі.

Сондай-ақ мейірбике, әлеуметтік қызметкерлер мен консультанттар, жеке күтім бойынша көмекшілер, жоғары және орта білім беретін мұғалімдер саны аздап өседі.

«Болашақтағы жұмыс орындары–2025» есебінде үлкен мәліметтер бойынша маман, қаржы технологиясы бойынша инженер, ЖИ және машиналық оқыту (ЖИ-дің бір бағыты) маманы, бағдарламалық әзірлеушілер мен қосымша жасаушылар секілді технологиялық мамандарға сұраныс басқа мамандық өкілдеріне қарағанда жылдам артып келе жатқаны көрсетіледі.

Өңір жастары қайда жұмыс істеуді қалайды?

Әлеуметтанушы Максим Ни 2025 жылы еліміздегі еңбек нарығы аса бір қатты өзгере қоймайды деп санайды. Алайда ІТ салада бір өзгеріс байқалатынын жасырмады.

— Қазақстан күн өткен сайын инвестициялық тартымдылығы жоғары аймаққа айналып келеді. Ірі ІТ компаниялар кеңсесін Астана мен Алматыға көшіріп жатыр. Осы компаниялар енді ел нарығынан мамандарды тарта бастайды. Соның әсерінен бағдарламашы мен сарапшыларға сұраныс артады. Бұл адамдардың осы салаға көптеп келе бастауына ықпал етеді. ІТ-дің дамуының артынан инфрақұрылымға қажеттілік өседі де, ол құрылыс саласының жандануына қозғаушы күш болады. Сондықтан құрылыс мамандары да көбейе түседі деп санаймын, - дейді Әлеуметтанушы Максим Ни.

Сарапшы IT мамандарынан бөлек, өнім менеджерлеріне деген сұраныс артады деп есептейді. IT саласында тек математиктер мен бағдарламашылар ғана жұмыс істей алады деген миф бар, бірақ бұл - дұрыс емес. Мысалы, жоба менеджерлерінің кәсіби дағдылары ірі IT компанияларында сұранысқа ие.

— Тау-кен өнеркәсібіндегі және ірі девелопер компаниялардағы жұмыс әрқашан сұранысқа ие болады, өйткені бұл мансаптық өсуге және ұзақ мерзімге жоспар құруға мүмкіндік беретін ірі корпорациялар. Сонымен қатар, IT - өте капиталды қажет ететін сала және қызметкерлердің еңбегі әрқашан сұранысқа ие болады, - деді Максим Ни.

Дегенмен әлеуметтанушы қызық тенденцияны атап өтеді. Оның пікірінше, жаңа мамандықтарға сұраныс географиялық тұрғыдан алғанда біркелкі болмайды. Көптеген ел сияқты Қазақстанда да мансап қуу үрдісі бар. Дәл осы кезде біліміне, саласына қарамастан барлық мамандар экономикалық тартымды орталықтар — Алматы мен Астанаға ағылып жатыр.

— 2023 жылы біз өңірлерде жастар кәсіпкерлігі қалай дамып жатқанын зерттедік. Зерттеуге сәйкес, жастардың басым бөлігі аймақтарда қалғысы келмейді, олар үлкен қалаларға көшуді қалайды. Бұл үрдіс жалғаса береді. Өңірлердегі өмір сапасы астанадағымен бірдей болғанда ғана бұл көш саябырсиды, - дейді маман.

Қорыта келгенде 2025 жылы техникалық және құрылыс салаларының мамандарына, сондай-ақ басқа да жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары болатыны байқалады. Елде әлі де мұғалімдер, күзетшілер, есепшілер жетіспейді. Ал технология мен жасанды интеллектінің дамуы IT мамандарына сұранысты одан сайын арттырады.