Әскерде жүріп мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтар

Әскерде жүріп мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтар
фото: pixabay.com

Әскерде жүріп басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар Стамбұлда емінің алғашқы кезеңін аяқтап, Астанаға оралды. Бұл туралы құқыққорғаушы Инга Иманбай жазды, деп хабарлады kaz.inform.kz. 

Заңгердің сөзінше, Ербаян енді 2-3 ай елде болып, ағзасын толық қалпына келтіргеннен кейін көктемде Түркияға қайта оралып, емінің екінші кезеңін бастамақ. Ол Астанада нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің бақылауында болады деп күтіліп отыр. Бір айдан кейін дәрігер өзі Қазақстанға келіп, Ербаянның жағдайын тексеретін болады.

— Ербаянның Стамбұлдағы емін ұйымдастырып, барынша қолдау көрсеткен Динара мен Реджеп есімді азаматтарға да алғыс айтылған. Сонымен қатар, оның ата-анасы емнің алғашқы кезеңіне кеткен қаражат бойынша жақын арада есеп береді, — деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Ербаян әскерге өз еркімен барып, бірнеше айдан кейін Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде бас сүйек-ми жарақатын алған болатын.

Фото Видеодан алынған кадр.

Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатқанын жазған болатынбыз.

Ұлттық ұлан бөлімшесінде мерзімді әскери қызмет атқарған Ербаян Мұхтардың комаға түсуіне жанама аурулар себеп болғанын әскери мамандар мәлімдеген болатын. Алайда, осы тұста Ербаянның ата-анасы бұл тұжырыммен келіспейтіндерін хабарлаған еді.