2025 жылы баспана бағасы қандай болмақ

2025 жылы баспана бағасы қандай болмақ
фото: pixabay.com

Қосымша құн салығы қосылады дегелі тұрғын үй нарығы да құбылды. Оған қоса девальвация әсер етіп, жыл соңында қараша пәтер бағасының қымбаттағанын сезе бастады. 2025 жылы ахуал қандай болмақ? Бұл тақырыпты "Қазақстан" ұлттық арнасының тілшісі Ақниет Балтанова зерттеп көрді.

Өткен жылы үй алсам деп жоспарлағанның бірі Аружан еді. Ақшамды міне, енді ғана жидым, будым дегенде пәтер бағасы көз ілеспес жылдамдықпен шарықтап кетті.

Аружан Мақсұт, Астана қаласының тұрғыны:

Пәтер алуды жоспарлап жүргеніме 3-4 ай болды. Бір ай бұрын ұнатқан пәтерім 23 млн деп тұрған. Енді ол 26-27 млн-ға қымбаттап кетіпті. Бара-бара көтеріліп жатыр.

Аружанның сөзін сала мамандары да растап отыр. Елорда пәтерлерін аралап көрдік. Жаңа үйлердің шаршы метрі 500 мың теңгеден кем түспейді. Президент салық кодексін асығыстыққа жол бермей, сапалы әзірлеу керегін тапсырған еді. Сондықтан қосымша құн салығы кейінге шегерілді, бірақ баға тұрақталған жоқ. Сарапшылардың сөзінше, үй құнының қымбаттауына бірнеше факторлар әсер етіп отыр.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Бірінші кезекте, экономикаға да кері әсерін тигізбейтіндей, халықтың қалтасына да салмақ салмайтын, бизнесмендерге де тиімді салық кодексі мен қосымша құн салығын әзірлеу керек. Салық кодексіне өзгерістер енсін, енбесін, біз импорттық құрылыс тауарларын өз елімізде өндірсек қана, үйдің бағасын төмендете аламыз.

2024 жылы үй бағасы шамамен 6-8% аралығында өсті. Қайталама нарықта алғашқы үштікті әлбетте 3 мегаполис бастап тұр.

Алматы шаһарында 1 шаршы метрдің құны 745 мың теңгеге бағаланса, бас қалада – 513 мың теңге. Шымкенттегі баға 432 мың теңгеден басталады. Елімізде ең арзан пәтер бағасы Қызылордада дейді сарапшылар. Ал 2025 жылға болжам қандай? Маманнан сұрап білдік.

Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй сарапшысы:

Соңғы 1-2 айдың ішінде өздеріңіз көрдіңіздер, бізде девальвация яғни ұлттық валюта құнсызданды. Соған қарап баға өсе бастады. 2025 жылы да жаңа үйді айтатын болсақ, 7-8%-тің аралығында болады. Ал екінші кезекте рыноктың бағасы 1-5%-ке дейін көбейеді.

Құрылыс компаниялары қазір тек тұрғын үй кешенін салумен шектелмейді. Үйдің маңайындағы инфрақұрылымдарды да өз қаражатына реттеуге міндетті. Бұл пәтер құнының өсуіне әсер ететін тағы бір фактор.

Ақниет Балтанова, тілші:

Экономист мамандар үй бағасының төмендеуі мүмкін емес екенін ашып айтты. Биыл да баға баяу, бірақ тұрақты түрде өсуін жалғастырады. Оған сұраныс, инфляция және пәтердің өзіндік құнының артуы тікелей ықпал етеді.